Ескелді ауданы, Қарабұлақ кентінде республикада блоктық-модульдік кешен түрі бойынша тұрғызылған алғашқы жедел және шұғыл медициналық көмек қосалқы станциясы ашылды.
Аудан тұрғындарын үлкен шарамен құттықтауға аудан әкімі Елдос Ахметов келді.
«Аудан үшін бұл өте үлкен қуаныш. Станция қызметкерлерінің енді жеке ғимараты бар. Бұл халық саны жыл сайын өсіп келе жатқан ауданның тұрғындарына алғашқы қажетті көмекті уақтылы көрсетуге ықпал етеді. Ғимарат 2,5 айда барлық талаптар мен санитарлық нормаларға сәйкес салынды. Мұнда ауданның 54 мыңға жуық тұрғынына қызмет көрсетіледі. Жаңа ғимаратта жұмыс істеу станция қызметкерлерінің жұмыс сапасына да әсер етеді деп ойлаймын», – дейді Елдос Тұрсынбайұлы.
Өз кезегінде денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жансеңгіров нысан “ Дені сау ұлт” Әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аясында салынғанын атап өтті.
«Жетісу облысында денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға көп көңіл бөлінеді. Ағымдағы жылы саланы жақсарту үшін, шамамен 3 млрд.теңге бөлінді. Бұл сомаға қолда бар нысандарды күрделі жөндеуден өткізу және жаңа нысандарды салу кіреді. Өңірде БМК типі бойынша осындай екі қосалқы станция болады. Біз блокты -модульдік кешендерді салу тәжірибесін бірінші болып қолға алдық. Біз осы бағытта жұмысты жалғастыра берсек белгілі бір нәтижеге қол жеткізетінімізге сенімдімін»,- деді Арман Серікұлы.
Айта кетейік, жаңа қосалқы станцияда тәулігіне аға фельдшер, аға жүргізуші және 4 желілік жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейтін болады. Ал нысанның жалпы ауданы 110 шаршы метрді құрайды.