Денсаулық адамның ең қасиетті де құнды, қайталанбас, жоғалса орнына қиындықпен келетін, орны толмас асыл қазынасы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға ерекше назар аударды.Бұл ретте Президент тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы қаулысымен «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау ұлттық жобасы бекітіліп, жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты – әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз ету, ол 2025 жылға дейін есептелген және төрт түрлі бағытта жүзеге асырылады: Бірінші бағыт – медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру. Екінші бағыт – эпидемиялық болжау мен ден қоюдың заманауи жүйесін қалыптастыру. Үшінші бағыт – отандық фармацевтика саласының дамуына ықпал ету. Төртінші бағыт – салауатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыруға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған іс-шаралар. Мемлекеттің басты басымдығы әрқашан адам денсаулығын сақтау болып табылады. Адам денсаулығын сақтау құқығына Қазақстан Республикасы Конституциясының 29-бабы кепілдік береді.
БҰҰ-ның «тұрақты даму мақсаттары»концепциясының 3 бөлімінде денсаулықты күту керектігі айтылады.Демек,барша адамзаттың денінің саулығы басты байлығы. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының жарғысында «Денсаулық — физикалық ақаудың, аурудың болмауы ғана емес, адамның физикалық, психикалық, рухани және әлеуметтік тұрғыдағы толыққанды белсенділігі» ретінде түсіндіріледі. Денсаулыққа кері әсерін тигізетін тағы бір фактор – жаман әдеттер: темекі тарту, спиртті ішімдіктер пайдалану. Осының бәрі де өмірімізді едәуір қысқартады. Қысқартып қана қоймай, өміріміздің сапалы өтуіне де кері әсерін тигізеді. Аталған әдеттер тек сол адамның өзіне ғана емес, айналадағылардың бәріне өз зиянын тигізеді.
Өмір – қозғалыс. Денсаулықтың да дұрыс болуы үшін белсенді өмірдің маңызы зор. Спорт – денсаулық кепілі. Спорт деген тек спортшылардың ғана емес, күллі адамзаттың өмірінде орын алуы шарт. Денсаулық – адам өмірінің тірегі. Онсыз емін-еркін өмір сүре алмайсың.
Денсаулық — тек жеке бастың ғана емес, ұлтымыздың да ұлы игілігі. Соны ескере отырып, салауатты өмір салтын ұстануға ұмтылайық.
Тілепбергенов О.Н.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультеті қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының аға-оқытушысы,заң ғылымдарының кандидаты
Ел-тұтқа студенттер клубының жетекшісі