Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

-0 C
Nur-Sultan
3 C
Almaty
5.3 C
Shymkent

Киік мәселесі: шығынға батқан шаруалар

Танымал

Ел аузында

Сайын даланың еркесіне балап жүрген ақбөкен бүгінде еліміздің батысындағы жер төсін емген диқан мен төрт түлігін баптаған малшының айықпас бас ауруына айналған. Батыс Қазақстан облысының Бөкейорда, Жәнібек, Қазталов, Тасқала, Жаңақала, Ақжайық аудандарындағы шаруалар көбейіп кеткен киіктің зардабын тартып жатыр. Естір құлақ болса, егінді таптап, шөпті тып-типыл еткен дала жануарының кесірінен шығынға батқан кәсіпкерлердің жанайқайы бірнеше жылдан бері айтудай-ақ айтылып келеді.

Киіктің кесірінен шығынға батқан шаруалардың бірі – Жәнібек ауданындағы «ECO Club» ЖШС басшысы Бауыржан Сабанов. Егін шаруашылығымен айналысып жүрген кәсіпкер киіктің кесірінен биыл 18 млн теңге шығын келгенін айтады.

«Биыл 350 гектар жерге жоңышқа ектім, соның 250 гектарын киік тапап кетті. Егіс алқабын қоршап та қойдым, жақындағандарын көлікпен де қудық, мобильді топтың көмегімен де қудық, «Охотзоопром» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны да көмектесті, еш нәтиже жоқ. Көк шөпке аузы бір тисе, келе береді. Қалай қусаң да киік ол жерден кетпейді. Бір менің өзім 18 млн теңгеге шығынға қалып отырмын. Жалпы, облыс бойынша бір мыңның үстінде шаруа қожалықтары зардап шегіп отыр. Мал азығы жетіспей, киіктің тұяғы таптаған жерге шөп шығып үлгермей жатыр. Облыс бойынша шығын 8 млрд теңгені құрайды. Сондықтан Үкіметтен өтемақы ретінде облысқа көмек берсін деген талап қойып отырмыз. Себебі мал азығын дайындау қиынға соғуда», – дейді Бауыржан Қанатұлы.

Кәсіпкер бұл мәселені шешудің жалғыз жолы – киік санын реттеу деп есептейді.

«Қазіргі жағдайда киік саны біздің облыста, әсіресе, Жәнібек ауданында өте көп. Бүкіл киіктің бәрі көктемде төлдеуге біздің ауданға келеді. Жалпы, облыс бойынша алты аудан зардап шегіп жатыр. Біздің облыста 2 млн жуық киік бар деседі. Бұл бір өңір үшін өте көп. Бұрын Кеңес Одағының кезінде киіктің саны 300 мыңнан асқан жоқ.

Өзім БҰҰ хатшылығының халықаралық сарапшыларының қатысуымен өткен жиынға қатыстым. Олар да киік санын реттеу керек дегенді айтып жатыр. Мұндай жағдай шетелде де бар екен. Мысалы, Австралияда кенгуруды, Мексикада жабайы жылқыны (мустанг) жоспарлы түрде азайтып тұрады. Сол себепті біздің Үкімет те киік санын азайту бойынша пәрменді шаралар қабылдауы тиіс. Сонымен қатар киіктің етін, мүйізін, сүйегін, терісін өңдеп, пайдаға асыру шараларын қолға алу керек», – деді өз ойымен бөліскен кәсіпкер.

2000 жылдан бастап ауыл шаруашылығымен айналысып келе жатқан Бөкейорда ауданының «М.Буранбаев» шаруа қожалығының басшысы Мырзабай Боранбаев та киіктен зардап шегіп жүргенін айтады. Оның сөзіне қарағанда, осы киіктің кесірінен шаруалардың еңбегі зая кетіп жатыр.

– Өңірдегі киік мәселесі өте күрделі. Мал бағатын жер жоқ, өзіміздің жеріміз аз. Жалпы, Бөкейорда ауданы бойынша 1 млн 920 мың гектар жер бар. Соның 943 гектары Капустин Яр полигонның аумағында. Қалған жердің жартысы сортаң, жайылымға пайдасыз. Соған қарамастан, киікке резерват ашу мақсатына Үкімет тарапынан Бөкейорда ауданынан аумағынан 75 мың гектар берілді. Сонда қалған 400 мың гектар жер ауыл шаруашылығымен айналысам деушілердің бағып отырған малына таршылық етеді. Аудан бойынша 108 бас ірі қара, 36 мың жылқы, 95 мың ұсақ мал, 1130 түйе бар. Осы малдың әрбір басына шартты түрде тәулігіне мынадай шөп көлемі есептеледі: ірі қараға – 13, жылқыға – 16 кг, ұсақ малға – 3 кг, түйеге – 20 кг.

Киік деген 24 сағат бойы аузы бос, аяғы бос жануар. Ерсілі-қарсылы шауып, жерімізді таптағанының өзі экологиялық апатқа әкеліп отыр. Дәл қазірдің өзінде шабатын шөп жоқ, болса да, шығымы нашар, еккен егісімізді құртып болды. Осы киік мәселесі көтеріле бастағалы 4-5 жыл болды, айтудан кенде емеспіз, БАҚ құралдары да көтеріп жатыр, Экология министрі де келді, бірақ ештеңе шешілер емес, ешқандай қолданып жатқан шараны да көре алмай отырмыз. Мұның негізгі шешімі – киіктің басын азайту. Жәнібек, Бөкейорда, Қазталов аудандарының аумағында 3 миллионға жуық киік бар.

Далада жер-жерде теңкиіп өліп жатқан киіктердің өлекселері көп. Олардан қандай ауру тарайды, қандай апатқа әкеледі, қарап, зерттеп, жинап жатқан ешкім жоқ. Киік өте тығыз жүргесін, араларында жұқпалы аурулар тез тарайды. Қауіпті індет тараса, бір күнде қырылып қалу ықтималдығы жоғары. Соңғы 40 жылда киіктің Орал популяциясы бойынша 11 рет жаппай қырылу дерегі тіркелген, – дейді қожалық басшысы.

Мырзабай Нұрлыбайұлының айтуынша, «Орал ауылшаруашылық тәжірибе станциясы» ЖШС-нің мамандарының көмегімен Ауылшаруашылығымен бірлесе қабылданған арнайы бағдарламаның аясында жайылымдарды жақсартып, ғылыми мақсатта егіс еккен.

– Көпжылдық шөптерді егіп, жайылымды жақсартпаса, күн көру қиын болып тұр. Ғалымдармен бірге еккен алқаптарды электр бақташымен қоршап қойдық, оған да қарап жатқан киік жоқ. Отарымен жөңкіліп жеткен қалың киік электр тоғын елең қылмайды екен. Баса-көктеп, гу етіп өте шығады. Айналасына арық қаздық, оны да экологиялық талаптарға сәйкес емес деп, жігіттердің алды жауапқа тартылып жатыр.

Темір Масин ауылдық округтің әкімі, аудандық мәслихат депутаты, өзім және «Орал ауылшаруашылық тәжірибе станциясы» ЖШС-нің ғалымдардың қатысуымен құрылған комиссия егіс алқабын зерттеп, 80,5 пайызы жойылғаны туралы акт жасады. Қалған 20 пайызы ешқандай шығынымызды ақтамайды. Өңірімізге ат басын бұрған еуропалық ғалымдар да популяцияны шектеу керек, басқаша күресу мүмкін емес дегенді мойындады. Алда қоянның қысы келе жатыр, қазір шабындықта шалғыға ілінер шөп жоқ, киік отап тастаған, алдағы қыстан қалай шығарымызды білмей, дал болып отырмыз. Міне, біздің жағдайымыз осындай. Бұдан былай мал ұстау мүмкін емес, киіктің санын азайтпаса, қолдағы малымыздың басын азайтып немесе түгел жоюға тура келеді, – дейді шарасы таусылған шаруа.

Киік мәселесін көтеріп жүрген оралдық журналист әрі эко-белсенді Нұрлыбек Рахманов қоғамда ақбөкеннің көбеюі ғана талқыланып жүргеніне наразы. Киікке қатысты көптеген сараптама мақала жазып, жағдайды әбден зерттеген журналист «киіктің ішер суы мен жайылымы қалмауы одан да зор мәселе» деген пікірде.

– БҚО-дағы киікке қатысты назар негізгі мәселелерге емес, қосалқы нәрселерге аударылып жатқанын айта кеткен жөн. Киік мәселесіне қатысты жергілікті биліктің өз көзқарасы, фермерлердің жеке қызығушылығы, латифундистердің де лоббиі барын ескеру қажет.

 Ең алдымен, киіктің ішетін суы – басты проблема. Ресми органдар «су көздері табылмай тұр» деген уәж айтады. Киік төлдейтін аумақтағы ауылдарда тұщы су көздері бар, бірақ әлі күнге киік үшін арнайы ұңғыма жасалмады. Жасанды суат мәселесі киікті көбейтпес бұрын шешілуі тиіс еді. Табиғи ареалында су болмағасын киік өзендер бойымен жоғары өрлеуге мәжбүр. Барлық өзен-көлдің, жасанды бассейн мен каналдың маңын фермерлер иемденіп алды. Су іздеген байғұс киік амалсыздан сол суаттарға барады. «Жерімді таптады» деген мәселенің түп негізі осы. Ал шөп пен су тапшылығы сияқты мәселелерге кінәлі киік сияқты қоғамдық пікір туғызылуда. Ал ҚР экология және табиғи ресурстар министрлігі су жеткілікті деген пікірде. Біздің су мәселесін сұраған хатымызға бірінші вице-министр Н.Шәрбиев «киікке су жеткілікті деп есептейміз» деп жауап берді. Вице-министр бізге «киіктің ішетін суын шешу үшін қаражат көздері қаралмаған» деді. Киіктің ішетін суынан бөлек жайылатын жері де тарылып барады. Соңғы 15 жылда БҚО-дағы киіктің өрісі 5 есе қысқарып, ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер 3 есе ұлғайған. Киік қорғау аймағындағы жерлердің оңды-солды таратылып кеткенін биік мінберлерден ешкім көтеріп жатқан жоқ. Киіктің өрісіне ортақтасатын қожалықтар жыл сайын көбейе түсуде. Киік мекендеген аудандардың атқарушы билігі «фермер-киік қақтығысын» ушықтыра түспей, киік мәселесі шешілгенше жер үлестіруге мораторий жариялауы керек. Үкіметке ұсынылатын биологиялық негіздемеге қандай да бір тараптың лоббиі араласпауы үшін республикалық ғылыми орталықтардың ғалымдары тәуелсіз зерттеулер жасауы қажет— дейді Нұрлыбек Рахманов.

Батыс Қазақстан облыстық ауылшаруашылық басқармасының ұсынған мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта көктемгі әуе санағының қорытындысы бойынша, Орал популяциясындағы ақбөкендердің саны 1 млн 130 мың басты құрайды. Ағымдағы жылы Жас жануарлармен бірге ақбөкендердің саны 2 миллионға жетіп қалады.

Батыс Қазақстан облысы ғалымдарының биологиялық негіздемесіне сәйкес, өңірдегі ақбөкендердің оңтайлы саны 500 мың бастан аспауы тиіс.

Облыс әкімдігінің тапсырмасына сәйкес, киіктерден зардап шеккен әрбір ауданда келтірілген залал көлемін есептеу үшін комиссиялар құрылды.

Комиссиялар әрбір шаруашылықтағы залал көлемі туралы акт жасап, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына ұсынады.

Олар ұсынған ақпаратқа сәйкес, өңірде 1350 агроқұрылымда 913 мың га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге (3,0 мың га егістік, 46,1 мың га шабындық және 863,9 мың га жайылымдық жерлер) залал келтірілген.

«Келтірілген залал көлемі туралы қорытындылар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне жіберілді және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған есептеулерге сәйкес жайылымдарға келтірілген залал 8,0 млрд. теңгеге бағаланады», – делінген басқарма мәліметінде.

Сондай-ақ, қазіргі уақытта ҚР Үкіметінің киіктер популяциясын басқару туралы қаулысы қабылданды. Қаулыға сәйкес, көбейіп кеткен киіктердің санын 20%-ға дейін реттеу көзделеді.

Айта кетейік, бұл жұмыстар 15 қыркүйектен басталады деп күтілуде.

Айгүл АХМЕТОВА,

«Заң газеті»

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

Ұстаз Мұрат Мұстафаев жазасын өтеушілермен кездесті

Атырауда дін саласында оңалту бағытындағы жұмыстар кешенді түрде жалғасуда. Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешітінің наиб имамы Мұрат Мұстафаев №75 Түзеу...