Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

-21 C
Nur-Sultan
-11.1 C
Almaty
-10.7 C
Shymkent

«Баламен үйден қуып шықты». Зағип әнші Кенжебек Нұрдолдайға тұрмысқа шықтым деген қыз шындықты айтты

Танымал

Ел аузында

Жазда әлеуметтік желі мен бұқаралық ақпарат құралдарында зағип әнші Кенжебек Нұрдолдай үйленді деген ақпарат тарап, сурет-видеолар жарияланды. Ал әншінің өзі күні кеше бағдарламалардың біріне берген сұхбатында мұның бәрі түсірілім екенін айтты. Әлеуметтік желіде Жәмила есімді қыз Кенжебекке жазда тұрмысқа шыққанын, расында да, той болғанын айтты. Massaget.kz тілшісі Жәмиламен сұхбаттасып, шын мәнінде жағдай қалай болғанын сұрады.

Жәмиланың сөзінше, өзі де өнер адамы. Олар ортақ достары арқылы танысқан.

«Біздің оқиғамыз былтыр қыркүйекте басталды. Ортақ музыкант таныстарымыз бар еді, солар арқылы таныстық. Таныстығымыздан кейін біраз уақыт өткен соң бір-бірімізге сай екенімізді, ғашық екенімізді түсіндік. Кенжебек шаңырақ көтергісі келді. Мен де оған дайын болып, отбасы боламыз деген ортақ шешімге келдік. Ол менің ата-анаммен танысып, әкемнің батасын алуға келді. Өзі де отбасымен таныстырды», – дейді ол.

Жәмиланың айтуынша, кейін олар той жасамақ болған. Бірақ тағы да кедергілер туындаған.

«Біз тойды жаңа жылға дейін жасағымыз келді. Ата-аналарымыз сол сәтте келісімін бермеді. Себебі олар біз асығып кетті деп ойлады. Екіншіден, Кенжебектің айналасындағылар мен онымен шынайы ниетпен жүрген жоқ, ақша үшін жүр деп ойлады. Алайда екеуміз танысқан кезде оның «Шоколад» атты әні болмады. Ол маған арналған еді. Табыс, атақ – бәрі біздің таныстығымыздан кейін келді. Оған деген сезімім шынайы болды, ешқандай артық ойым болмады. Жаңа жылға дейін той жасамағанымыздың тағы бір себебі оның туысы қайтыс болған екен, жылы да өтпепті. Осылайша, біз тойды шегердік», – дейді ол.

Жәмила қаңтарда Кенжебек Меккеге барып, бір қызбен танысқанын айтады. Қазір ол – әншінің әйелі.

Сонымен қатар, Жәмилә өзінің ұзатуы 1 шілдеде, тойлары 2 шілдеде болғанын айтады. Кейін ол өмірге бала әкелген.

«Ал баламыз туғанына небәрі 14 күн болғанда, демалыс күндері Кенжебек басқа қызбен мұсылмандық некесін қиып қойғанын білдім. Яғни балам туғанына он үш күн болғанда, ол бізді үйден қуып шығып, сол қызға барған. Кейін оның анасы немересін көруге келді. Сол кезде оған Кенжебек демалыста некесін қиғанын айттым. Ол (Кенжебек – еск.) маған қол да көтерді. …Мен соңына дейін отбасымызды сақтап қалғым келді», – дейді Жәмила.

Олар заңды түрде де, мұсылмандық некесін де қимаған екен. Жәмиланың сөзінше, Кенжебектің командасы тойдың кезінде суреттерін салуға да рұқсат бермеген. Олар әншінің аудиториясы көбіне қыздар екенін, сондықтан қызығушылық жоғалып кетуі мүмкін екенін айтыпты.

«Ол (Кенжебек – еск.) бізді қумай тұрып, қарым-қатынасымыз аяқталатыны түсінікті болды. Себебі заңды түрде неге қиған жоқпыз. Себебі ол «оның ешқандай мәні жоқ» деп, оған мені де сендірді. Осылайша, мұсылмандық некемізді де қимадық. Жай ғана бірге тұрдық. Отбасы екенімізді көрсететін ешқандай дәлел керек болмады. Бірақ кейін намаз оқып, қаңтардан бастап сол қызбен араласа бастады. Олар бір-біріне жазып, көрісіп тұрды. Исламда үш рет кездесу керек, үш кездесуде бәрі айқындалады да, ер адам дәстүрге сай қызды әйелдікке алады. Бірақ бәрі басқаша болды. Ол өз ісінің бәрі дұрыс деп жүрді. Мені, өз баласын тастап кетті», – дейді ол.

Жәмила босанған сәт те отбасылық осындай мәселелерге байланысты ауыр өткенін, көп қан жоғалтқанын айтады.

«Бүкіл шындықты ашқым келеді. Мен ерте босанып қалдым. Жүктіліктің 38-аптасында босандым. Өйткені соңғы екі аптасында қатты күйзелісті бастан өткердім», – дейді Жәмила.

Ал балаға Жәмиланың өз тегі беріліпті.

«Балаға тегі мен әкесінің атын берерде де қиындық туындады. Мен оған өз тегімді бердім. Себебі Кенжебек мені қуып шыққан соң балаға ақшасы жоғын айтты, осылайша, мемлекеттен жәрдемақы алуым керек болды. Бірақ сол кезде көлік алып жатты. Оның пәтері де бар, сол жерге өзінің ашынасын алып келді. Мені баламен үйден қуып шыққаннан кейінгі күні олар мұсылмандық некелерін қиып отыр», – дейді Жәмила.

Жәмила бұл шындықты ашық айтуына өз атына, отбасының абыройына нұқсан келіп жатқаны себеп болғанын жеткізді.

«Ол Алматыда концертін өткізген соң қазір отбасы барын, мұсылмандық некесін қиғанын, Меккеде танысқандарын айтып, сұхбат берді. Түсінуімше, маған қатысты оқиға «Шоколад» әніне клип екенін айтыпты. Бірақ мұның бәрі өтірік қой. Мен бұған дейін оған «халыққа бірге емес екенімізді, бала барын, бірақ қасымызда емес екеніңді қалай жеткізесің, жұрт сені басқа қызбен көріпті, маған да жетіп жатыр, шешейік» дегенімде, ол «бәрі өзара шешілген» дегісі келді. Бұл маған ұнамады. Себебі бұл ортақ шешім емес еді, мен ажырасқым келмеді, бала әкесіз өскенін қаламадым. Отбасымды сақтап, онымен қарым-қатынасымды түзегім келді. Бірақ сол сұхбатты көргеннен кейін онымен сөйлесу, бірдеңе сұрау мәнсіз екенін түсіндім. Ол бәрін өзі қалағандай істейді. Бірақ бұған дейін одан хабардар етіп отыруын сұрадым. Мен сол қызбен некесін қиғанға дейін Кенжебекпен арақатынасымды сақтап қалғым келді. Бірақ некесін қиғанын білген соң күйеуім ретінде жіберуді ұйғардым. Бірақ ұлымыз үшін жақсы қарым-қатынаста қаламыз дедік. Біз біраз уақыт жақсы сөйлесіп тұрдық, балаға арба сатып алып беруге уәде берді. Ал сұхбат туралы білген кезде «бүкіл халыққа арамыздағы жағдай туралы неге өтірік айттың» деп хабарластым. Ол жоғалып кетті, Telegram-да сөйлескен парақшасын жауып тастаған. Содан кейін байланысқа шықпады, уәдесінде де тұрмады», – деп түйіндеді әңгімесін ол.

Әнші, музыкант Кенжебек Нұрдолдай Ақмола облысының Ерейментау қаласында дүниеге келген. Туғаннан көзі көрмейді. Ол Қарағандыдағы арнайы интернатта оқыған. Кейін колледжге «эстрада-вокал артисі» мамандығы бойынша оқуға түскен.

Кенжебек Нұрдолдай былтыр тележүргізуші Андрей Малаховтың «Песни от всей души» бағдарламасына қатысқан еді. Қазақстандық әнші бағдарламада Мүсілім Магомаевтың «Мелодия», «Браво» тобының «Любите, девушки» әндерін шырқап, көпшілікті тәнті етті.

Айта кетейік, тілші мақалада айтылған деректерді әншінің Жәмила есімді бұрынғы жарының ақпараты негізінде дайындады. Алайда ақпаратты нақтылау үшін Кенжебек Нұрдолдаймен байланысуға тырыстық, әлі де әншімен байланысқа шығу үшін әрекет жасалып жатыр. Мақалада жазылған ақпарат редакция пікірі емес, кейіпкердің басынан өткен мән-жайлар баяндалған.

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

«Dauletten» қоры 74-баспананың кілтін төртбалалы анаға сыйлады

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, «Dauletten» қайырымдылық қоры жүрегі таза, мейірімді азаматтардың қолдауымен тағы бір отбасыға бақыт сыйлап, баспананың...