Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «елімізде қызылшаның өршуіне байланысты мектептер мен университтерде карантин жариялана ма?» деген сұраққа жауап берді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқу-ағарту министрі білім беру ұйымындағы жағдайды бақылауда ұстап отырғанын айтты.
«Жалпы барлық білім беру ұйымы жергілікті атқарушы биліктің бақылауында. Осыған байланысты министрлік жағдайға мониторинг жүргізіп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселеге қатысты шешім қабылдамады. Біз осы ведомствомен және жергілікті атқарушы билікпен байланыстамыз», – деді Ғани Бейсембаев.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек студенттер арасында тұмау өршіп жатқанын атап өтті.
«ЖРВИ (ОРВИ) өршіп тұр. Бірақ қызылша жұқтырғандардың саны аз. Қазір Қазақстандағы университеттердің шамамен 80 пайызда 8 мың студент медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр болды. Бірақ олардың 200-300-і ғана қызылша жұқтырды деген күдік бар. Министрліктің пікірінше, эпидемиологиялық жағдай бақылауда. Біз Денсаулық сақтау министрлігі және еліміздің бас санитар дәрігерімен тікелей байланыстамыз. Денсаулық сақтау министрлігінің пікірінше, (карантин жариялауға – автор) себеп жоқ. Біз жағдайға мониторинг жүргізіп отырмыз. Университеттердің басшылығы мен ректорлары Денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті денсаулық басқармаларымен байланыста», – деді ведомство басшысы.
Аяқ Есен