Енді әкімдер бюджеттен қаржы алғысы келсе, өңірдің даму жоспарын ұсынуы қажет. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында жаңа редакциядағы Бюджет кодексінің жобасы мен ілеспе заң жобалары бірінші оқылымда қаралып жатыр.
Әлібек Қуантыров заң жобасының маңызды тұсына тоқталды.
«Бюджет кодексі бюджеттік саясаттың негізі болып саналады. Ол мемлекеттің стратегиялық міндеттерін қаржыландыруға, республикалық және жергілікті бюджеттердің жұмыс істеуіне байланысты барлық процесті реттейді. Осыған байланысты жаңа Бюджет кодексі бірнеше маңызды міндеттерді шешуге бағытталған. Біріншіден, бұл бюджеттік процестерді жеңілдету. Екіншіден, блоктық бюджеттің элементтерін енгізу. Үшіншіден, мемлекеттік қаржыны шоғырландырылған басқару үшін заңнамалық негіз құру. Төртіншіден, бюджетаралық қатынастарды жетілдіру. Бесіншіден, нәтижеге бағытталған бюджет қағидаттарын күшейту және нәтижелерді басқару құралдарын жетілдіру», – деді министр.
Оның айтуынша, жергілікті бюджеттің шығысын жоспарлау сапасын арттыру үшін жаңа Бюджет кодексіне бірқатар норма енгізілген. Оның бірі – әкімдердің жұмысына қатысты.
«Әкім қызметінің бір базалық құжатын – өңірді дамыту жоспарын айқындау ұсынылады. Тек даму жоспары негізінде бюджет бөлінуі керек. Оның құрамында бюджетті жоспарлау және өңірді дамыту үшін негіз болатын инвестициялық жоспар әзірленетін болады. Мұндағы басты мәселе, ол барлық мемлекеттік органдарда бар деректердің негізінде елді мекендер бөлінісінде проблемалық және басым аймақтарды көрсететеді. Бұл ақша бөлу кезінде, ақшаны қайда және неге бағыттау керек екені көрініп тұратын қолайлы құжат болады», – деді Әлібек Қуантыров.
Бюджет кодексін жаңа редакцияға сәйкес келтіру үшін барлығы 26 заңға түзету мен өзгерту енгізіледі.
Аяз Есен