Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

-5 C
Nur-Sultan
-1.1 C
Almaty
6.3 C
Shymkent

«Ұлттық қор – балаларға»: Ата-аналар нені ескеруі керек және әлемдік тәжірибе

Танымал

Ел аузында

Биылдан бастап елімізде «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылды. Дегенмен өз жұмысын бастамай жатып, жоба аясында шу шығын үлгерді. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі бағдарламаға қатысты зерттеу жасап көрді.  

Алаңдаудың қажеті жоқ

15 қаңтарда «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының тізімі шығады. Ал оған дейін ата-аналар eGov электронды порталы арқылы балаларының жеке деректерін тексеру барысында бірқатар олқылықтарды байқаған. Атап айтқанда, бірі баласын деректер базасында таппаса, енді бірі баласының орнында басқа баланың деректері тіркеліп тұрғанын көрген. Тіпті, базада сақталған деректердің өзі де жоғалып кеткен. Ата-аналар «Отбасы» деген бөліктің қазір жоқ екенін жеткізді. 

Ата-аналарды дүрбелеңге түсірген осы мәселеге байланысты «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Қоғаммен байланыс басқармасының жетекші маманы Арманай Мирасқызы жауап берген еді.

eGov порталында, eGov мобильді қосымшасында балалардың ақпараты көрсетілмейтін жағдай болса, ешқайда құжаттар жинап, кезекке тұрып, біреуге ақша беріп, өтініш тапсырудың қажеті жоқ. Тек қана онлайн түрде платформа арқылы «Баланы қоры» батырмасына баланың ЖСН-ін теріп, туу туралы куәлікті жүктеу керек. Оны жібергеннен кейін 2-5 күн аралығында өтініш қарастырылып, порталда баланың ақпараттары пайда болады, – деді ол.

Айтуынша, ата-аналарға алаңдаудың қажеті.

Қазақстандағы 6,7 миллион балаға Ұлттық қордан 1 ақпаннан бастап қаржы аударылуы тиіс. Мамандардың сөзінше, порталда шот автоматта түрде ашылады және қордан ақша жылдың басында бір рет аударылады. Осылайша, 18 жылдың ішінде баланың шотына 3500 АҚШ доллары түсуі тиіс.

Мамандар түрлі жағдаймен баласын тіркей алмаған немесе құжаттарын реттестіріп үлгермегендердің жағдайы да ескеріліп, келесі жылы да қаражат түсетінін айтты.

Бала 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы ақшаны шешіп алмаса, онда ақша шотта 10 жыл бойы сақталады. Ал 10 жыл өткеннен кейін  қаражат автоматты түрде сол азаматтың зейнатақы шотына аударылады.

Айта кетейік, бала қайтыс болған жағдайда қаражат ата-анасына беріледі немесе туған бауырларының арасында бөлінеді. Баланың шотына ақшаның түскен не түспегенін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайтынан тексере аласыз. Ал шоттағы жалпы ақшаны eGov порталындағы жеке кабинетке азаматтың ЖСН-ін енгізу арқылы тексеруге болады.

Қордың ерекшелігі

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы 18 жасқа дейінгі барша Қазақстан азаматтарына арналғанын білеміз. Егер бала шетелде өмір сүрсе, бірақ Қазақстан азаматы болса, оның жеке шотына қордан қаражат аударыла береді. Ал Қазақстан азаматтығынан шықса онда оған қордан ақша берілмейді. Сонымен қатар бала шетелде тұрып Қазақстанға оралғанда және 18 жасқа дейін еліміздің азаматтығын алатын болса, онда сол уақыттан бастап баланың атына жеке шот ашылып, қордан ақша бөліне бастайды.

Балалар бұл қаржыны 18 жасқа толған соң білім алуға немесе үй сатып алуға пайдалана алады. Бұл ретте азамат үйді тек Қазақстаннан алу керек. Ал білім аламын деушілер үшін ондай шектеу қойылмаған.

Сарапшы пікірі

Экономист Мақсат Халық «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының аясын кеңейту керек екенін айтты.

Жоба аясында қазір екі бағыт ғана беріліп отыр. Бұл жерде одан да бөлек тағы қарастыратын дүниелер бар деп есептеймін. Мысалы сенімгерлік басқаруға беріп инвестициялық бағытта пайдалануға рұқсат берген жөн. Ол қаражатты әрі қарай жинап, арттырамын десе, оған да мүмкіндік берілу керек. Сонымен бірге азамат нақты бизнес жоспар жасап, кәсіппен айналысамын деушілерге де мүмкіндік қарастырылғаны жөн деп санаймын. Денсаулық жағдайына да мән беріп, ауырып жүрген жандар болса ем қабылдау мақсатында қолданамын десе оған да мүмкіндік берілсе деймін. Сонда бұл қаражатты пайдаланудың аясы кеңейеді, – дейді маман. 

Сөзінше, бағдарламаның әлі де кем-кетік тұстары бар.

Тағы бір маңызды мәселені атап өткім келеді. Елімізде зейнетақы қорынан қаражатты шешіп алуға мүмкіндік бергенде 3 бағыт болды. Онда денсаулық жағдайын жақсартуға, үй алуға және инвестициялық бағытта сенімгерлік басқаруға мүмкіндік берілді. Сол кезде қаражатты шешіп алудың түрлі жолдары болды. Бірақ кем-кетік тұстары да көп болды. Өтірік тісін жөндеткендей болып тіс емханасына ақша аударып, оның салығын төледі да қалған ақшасын шығарып алған жағдайлар болған. Сондықтан бұл жолы жаңа бастама қолға алынып жатқандықтан бұндай жағдайларға жол берілмей, барлығы заңды, жүйелі түрде болуы керек, – деді экономист.

Әлемдік тәжірибе

Қазақстанда «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы биылдан бастап іске қосылды. Бұндай жобалар әлемнің дамыған көп елінде бар. Дегенмен әр елде қор әр түрлі жұмыс істейді. Экономист Мақсат Халық Қазақстан мен дамыған елдердегі тәжірибені салыстырып көрді.

Ұлттық қор – балаларға жобасы әлемдік тәжірибеде кең қолданылады. Ол әсіресе мұнайдан түскен қаражатты елдің, ұлттың байлығы ретінде қарастырып, мемлекеттің дамуына, халықтың әлеуметтік өмір сүру сапасының жақсаруына бағыттайтын елдер жетерлік. Оның ішінде Норвегияны айтуға болады. 6 миллион халқы бар. Ұлттық қоры жинақтаған қаржы – 1 трлн 300 млрд доллардан асып жығылады. Тіпті қордағы қаржы  жыл сайын өсіп жатыр. Олар қордағы ақшаны инвестицияға, білім жүйесіне, медициналық қызметтерді тегін алуға және басқа мақсатта да пайдалануға мүмкіндік қарастырған, – деді маман.

Сарапшының пікірінше, Ұлттық қор аясындағы жобалар тек қана балаларға емес, тұтас халыққа арналуы тиіс.

Араб елдеріндегі қорлардың барлығы ел үшін деп жұмылдырылады. Бізде  «Ұлттық қор – балаларға» деген бағытта келешек ұрпақ қоры деп құрылған қордың функциясы енді ғана жүзеге асырыла бастады. Бірақ та ол тек қана балаларға ғана емес, жалпы тұтастай ұлт оның қызығын көру керек. Негізгі мүддесі халық болу керек. Дегенмен ең болмаса балаларымызға осындай шот ашылып жатқаны, ол да болса кішкене қуантады, – деді Мақсат Халық.

Экономист бүгінде қордағы жинақталған қаржы 57 млрд доллар екенін атап өтті. Сөзінше, бұл басқа елдермен салыстырғанда өте аз қаражат.

Биылдан бастап балалардың шотына қаржы аударыла бастайды. Біздегі  жинақталған қаражат көлемі 57 млрд доллардың шамасы. Әрине, бұл өте аз. Шынын айтқанда бұл араб елдеріндегі көрсеткіштің бергі жағы ғана. Ал бұл көрсеткіш арабтарда 500 млрд долларды құрайды. Норвегияда 1,3 трлн долларды құрайтын қорлары бар. Әрине, оларда елдің инвестициялық кірістілігін де пайдалануы өте жоғары. Сондықтан осы мәселе жөнінде өзімнің көп ұсынысымды жеткізген болатынмын. Ең құрымағанда қордың көлеміндегі қаржыны 200 млрд долларға жеткізіп алсақ. Сонда халқымыз үшін оның пайдасы да көп болатын еді, – дейді ол. 

Балалардың жеке шотына Ұлттық қорға түсетін инвестициялық табыстың 50 пайызы аударылады. Жеке шоттағы ақшаны мерзімінен бұрын шешіп ала алмайды. Оны тек бала 18 жасқа толған кезде ғана екінші деңгейлі банктер арқылы шешіп алуға болады. Шоттағы жинақталған қаражат АҚШ долларымен сақталады.

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

ПРОБАЦИЯЛЫҚ ЕСЕПТЕГІ 400 АЗАМАТҚА АРНАЛҒАН ФОРУМ: «ӨТКЕННЕН САБАҚ, БОЛАШАҚҚА ҚАДАМ»

Түркістанда полиция мен прокуратураның ұйымдастыруымен «Өткеннен сабақ, болашаққа қадам» атты форумы өтті. Тәртіп сақшыларының қызметтік жүйесі бойынша пробациялық есепте тұрған...