Павлодар облысы Маңқайың кенішінде опырылған шұңғырған түсіп кеткен автобустағы 2 адам тірі қалуы мүмкін. Бұл туралы Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Министрдің орынбасары іздестіру операциясы өте қиын жағдайда жүріп жатқанын атап өтті.
«Мамандар жерді сканерлегенде автобустың тұрған жерін болжады. Құрылғы ол жерде металл бар екенін көрсетті. Бұрын оның астында бос кеңістік бары айтылды. Осыған байланысты құтқарушыларымыз мен мамандар өте күрделі жағдайда жұмыс істеп жатыр. Күн суық. Құтқарушылардың өміріне де қауіп төніп тұр.
Себебі, топырақ жылжыса, ондағы жұмыс істеп жатқан техника жерге түсіп кетуі мүмкін. Барлық қауіпсіздік сақталып жатыр. Автобус жатқан ықтимал жерге жақындадық. 2 мың текше метр топырақ шығарылды. Енді эскалатор жұмыс істеп, ақырын топырақты шығарып жатырмыз», – деді Бауыржан Сыздықов Мәжіліс кулуарында.
Ол автобустағы 2 адам тірі қалуы мүмкін деген болжам барын айтып қалды.
«Оң болжам бар. Бірақ әзірге нақты күн мен уақытты айта алмаймыз. Жағдай күрделі, мұндай операция бұрын болмаған. Өте мұқият жұмыс істеу керек», – деді вице-министр.
Айта кетейік, Павлодар облысы Маңқайың кенішіне құлаған автобуста барлығы 4 адам болған. 2 құтқарушының денесі табылған. Алайда қалған 1 құтқарушы мен 1 жүргізуші табылмай жатыр.
Аяз Есен