Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

21 C
Nur-Sultan
24 C
Almaty
25.3 C
Shymkent

СУДЬЯЛАР ӨЗ ҚҰҚЫН ҚОРҒАУДА ҚОРҒАНСЫЗ

Танымал

Ел аузында

«Ет сасыса – тұз себерсің, тұз сасыса – не себерсің» дейді атам қазақ. Осы бір даналық сөздің өзінде қаншама философиялық мағына жатыр. Мұны мемлекеттегі биліктің қай тармағына да қатысты деп айтуға болады. Әсіресе, «Жаңа Қазақстан» құрылады деп үміттеніп отырған тұста, мемлекетпен бірге «Сот билігі» де жаңғыруы тиіс.

Дала заңынан бастау алатын қазақ елінің сот билігі – қоғам дамуының сол кезеңдегі деңгейіне сай мемлекеттік билік құрылымдарымен бірге өзгеріп, қайта жаңғырып отырды. Әр заманның мемлекет билігі, оның ішіндегі сот билігі де сол кездегі қоғамдық ой-өрістің қалыптасуына, оның талабына орай сол қоғамды қанағаттандыратындай өзгеріске ұшырады. Осындай қоғамның өтпелі кезеңіндегі саяси жағдайды орайлы пайдалана білетін мемлекеттік билік, дәлірек айтқанда сол билікте отырған адамдар, қай кезде де өз мүддесін бірінші орынға қойып, билігін күшейтуге немесе билікті сақтап қалуға қажетті заң-заңнамаларды енгізіп, бекітіп, ол үшін өздеріне кедергі болатын заңдарды ысырып тастап, оны сынап-мінеп, қаралап, қоғамдық ой-санадан өшіруге тырысқан. Патшалық Ресейдің отарландыру кезеңіне дейін қазақ даласындағы сот билігі әкімшілік басқару ықпалы мүлдем жоқ, таза демократиялық, халықтық сипатта дамыды. Сот билігі – әкімшілік, материалдық, процессуалдық тұрғыдан болсын ешкімге, ешқандай саяси жағдайға бағынышсыз, нағыз бейтарап, еркін түрде болған. Тіпті бүгінгідей «баж салығының» өзі мемлекеттік кіріске емес, сот шығындары сот процесінің үстінде, халықтың алдында таза, ашық есептеліп, сот тарапынан өндірілген. Дау, яғни қылмыстық, әкімшілік немесе азаматтық іс қазіргідей бір судьяға компьютерлік таңдаумен шегеленіп берілмеген, тараптардың ашық және еркін түрде өз таңдауымен дауды белгілі бір бидің, яғни судьяның қарауына беруіне мүмкіндік жасалған. Би шешімімен келіспеген жақ билер тобына шағым келтіріп, халық алдында ашық түрде өз құқығын қорғап отырған. Жеке адамның ар-ожданына нұқсан, ұят келтіретін істерден басқа ешқандай да іс халық назарынан тыс, жабық қаралмаған. Міне осындай ата-бабамыздан келе жатқан құндылықтарымыздан патшалық Ресейге отаршылдық, Кеңес Үкіметіне бағыныштылық, қала берді, өзіміздің еуропа, алыс шетелдерге көрсеқызар еліктеушілік және ессіз, есепсіз реформашылдық – бүгінгі сот жүйесін тығырыққа әкеліп тіреді. Қазіргі сот жүйесі – кешегі «әсіреқызыл» реформашыл басшылардың кесірінен өзі ғана адасып қоймай, елдің есін кетіріп, кешегі Кеңес Үкіметі кезіндегі сот билігіне зар етті. Оған дәлел, бұрынғы халықтық сот жүйесінің қазіргі мемлекеттік сот жүйесіне айналуы. Бүгінгі сот кез келген адам емін-еркін кіретін халықтық ашық соттан – өз халқынан өзі қорқатын, оқшауланған, жан-жағы темір тормен қоршалған, есігінде полициялық күзет қойылған, жазалаушы орган бейнесіне айналған жабық сот жүйесіне айналды. Халық, ел ортасында ашық түрде өткізілетін көшпелі сот отырыстары мүлдем тоқтатылып, есесіне елден жасырын жабық сот отырыстары еселеп арта түсті. Соттардың, судьялардың ел алдында есеп беру міндеттері мүлдем жойылып кетті. Судьяларды халықтық сайлау жүйесі тоқтатылып, жеке тағайындау тәртібі енгізілді. Судьялардың кәсіби еркіндігі, бейтараптылығы әртүрлі жолмен шектеліп, облыстық сот төрағасына тәуелді етілді. Ел алдында бүгінгі сот беделінің барынша төмендеп, сенімсіздіктің күшейе түсуі бұған дейінгі реформалардың сапасыз болуының салдары. Халық саны 1991–2024 жылдары, яғни 33 жылда 16 450 миллионнан 19 848 295 адамға, яғни бар-жоғы 21,3%-ға өскеніне қарамай, қазіргі кезде қылмыстық істер саны 200-300%, әкімшілік-азаматтық істер саны 700-800%-ға арта түскен.

Соттар саны мен түрлерінің: қылмыстық, азаматтық, әкімшілік, ювеналдық, әскери, экономикалық… т.с.с болып өзгеруі істің азаюына, заңдылық сапасының артуына, қаралу мерзімінің жеделдетілуіне айтарлықтай әсерін тигізбеді. Заңдардың тұрақсыздығы, сапасы туралы әңгіме бөлек. Міне осылардың барлығы, жасыратыны жоқ, Жаңа Қазақстанның сот жүйесінде «Қайда барасаң да, Қорқыттың көрі» деген тәмсілді алға шығарып, «Не істеу керек?» деген сұраққа жиі жауап іздетуде. Біздің пікірімізше оны шешу жолы: 1. Әкімшілік бағыныштылықтан құтылу. – Аудандық соттарды балама үміткерлер арқылы жергілікті халық таңдауымен 5 жылға сайлау қажет. Аудандық сот судьяларының саны істердің жүктемесіне қарай облыстық мәслихаттарда бекітілуі тиіс. Әрбір судья әр жарты жылдықта өзі атқарған жұмыс бойынша, ауданның мемлекеттік, қоғамдық мекеме, ұйымдары біріккен жиналыста, жалпы сот әділдігінің атқарылу деңгейіне қызығушылық танытқан барлық ақпарат құралдарын, кез келген адамдарды қатыстыра отырып, қабылдаған үкімдері мен шешімдерінің әділдігі, мәні, маңызы, сапасы бойынша есеп беруі керек. Жыл сайын өңірдегі соттарға, әрбір судья бойынша анонимді сауалнама жүргізілуі қажет. – Облыстық сот судьяларын аудандық сот судьялары арасынан балама үміткерлер арқылы жабық дауыста 7 жылға сайлау. Олардың саны істердің жүктемесіне қарай Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісімен бекітілуі тиіс. Әрбір облыстық сот судьясы әр жартыжылдықта аудан, облыстық, мемлекеттік мекемелер, қоғамдық ұйымдар, судьялар қатысқан және ақпарат құралдары қатысқан жалпы жиында тікелей өзі қараған істер бойынша сот төрелігін іске асыру сапасы бойынша есеп беруі қажет. Облыстық сот бойынша және әрбір судья бойынша да ақпараттық құралдар арқылы халық арасында анонимді сауалнама жүргізілуі керек. – Аймақтық соттарды – әр облыстан екі судьяны облыстық сот судьялары арасынан жабық дауыспен 10 жылға сайлау, олардың жалпы саны 34 судья. Осы арқылы Жоғарғы Сот қызметі бір табан елге жақын болады. – Жоғарғы Сот судьяларын судьялар съезінде балама үміткерлер арасынан жабық дауыспен 15 жылға сайлау, оның санын 17 судьямен шектеген жеткілікті деп санаймыз. Өйткені, аймақтық сот құру арқылы қазіргі Жоғарғы Соттың бірінші кассациялық сатыда қарау істері түгелімен аймақтық соттарға кетеді. Аймақтық сот судьялары санын Қазақстан Республикасының Парламентінде, Жоғарғы Сот судьялары санын Қазақстан Республикасының Конституциясында бекіту маңызды. Іс бойынша Жоғарғы Сот қабылдаған қаулылардың нормативтік күші жоғары. Тұрақты сот практикасы – біріншіден, біртектес істерді қарағанда мемлекетте барлық адамға бірдей әділдікті қамтамасыз етсе, екіншіден, біркелкі сот істерін қарауда әралуандықтың, әртүрлілік пен әділетсіздіктің алдын алады, үшіншіден, тұрақты сот практикасы елдің сотқа деген сенімін орнықтырады. – Қазіргі сот жүйесінде әкімшілік функция атқарып отырған аудандық, облыстық, аймақтық және Жоғарғы Сот төрағалары лауазымдарын қысқарту керек. Судьялардың шынайы тәуелсіздігін қалыптастыру және қамтамасыз ету үшін сот жүйесінде әкімшілік басқару түпкілікті жойылуы тиіс. Әрбір судья өз ісіне жауапты болсын. Істі алқалы соттарда қарау барысында жауапкершілік тек баяндамашы судья ғана емес, судьяның бәріне бірдей беріліп, қазылар жеке-жеке жауапкершілікте болуы қажет. Судья жауапкершілігі жоғары саты сотының қаулысымен ғана көтерілуі тиіс. Оған кез келген судьяға қарсылық білдіріп, Жоғарғы Сотқа дейін шағым келтіру құқығы берілуі керек. – Кез келген судьяның қандай да бір құқын қорғау – тек Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотында бір-ақ рет және түпкілікті қаралып, заңды шешімін тапқаны дұрыс деп санаймыз. Өйткені, бүгінгі таңда судьялар өз құқын қорғауда қорғансыз. 2. Процессуалдық бағыныштылықты жою бойынша: – Үкім, шешімдері бұзылған, өзгерген судьяларға Жоғарғы Сотқа шағымдану мүмкіндігін беру; – заң бойынша судья жауапкершілігі туындайтын «өрескел заң бұзушылыққа» нақты анықтама беру; – сот билігі жұмысын аудандық, облыстық, аймақтық соттар көрсеткіштері, есептерімен емес, нақты жеке-жеке әрбір судья қараған істердің заңдылығымен, санымен, көрсеткішімен бағалау керек деп санаймыз. 3. Материалдық бағыныштылықты болдырмау мақсатында: – Сот әкімшісін тиісті саты судьяларының ішінен судьяның еңбек жалақысын сақтай отырып, судьялардың өздері сайлауы маңызды; – Сот әкімшілігі мамандарын болашақ судьялыққа үміткерлер арасынан тағайындау пайдалы; – Жоғарғы Сот судьяларының еңбек жалақы сын – Аға судья Премьер-Министр жалақысымен теңестіру, судьялардың айлығын Премьер-Министр орынбасары жалақысымен бірдей ету; – Аймақтық сот судьяларының еңбек ақысын – аға судьяныкін Министр жалақысымен теңестіру, судьялардың айлығын Министрдің орынбасары жалақысымен бірдей ету; – облыстық сот судьяларының еңбек жалақысын – аға судьяныкін облыс әкімінің жалақысымен теңестіру, судьялардың айлығын облыс әкімінің орынбасары жалақысымен бірдей ету; – аудандық сот судьяларының еңбек жалақысын – аға судьяныкін аудан әкімінің жалақысымен теңестіру, судьялардың айлығы аудан әкімінің орынбасары жалақысымен бірдей болуы шарт; – судьяға істі қарау жүктемесіне қарай қосымша еңбек ақы төлеуді ұсынамыз. 4. Алгоритм бойынша: 2015 жылы қабылданған жаңа Азаматтық процестік кодексте бұрынғы «қозғалыссыз қалдыру» институты алынып тасталған. Сотқа жүгінген адамдардың барлығы бірдей азаматтық талап қоюмен (қазір талап арыз да, сот бұйрығын шығару туралы арыз да «талап қою» деп аталады) сотқа жүгінудің тәртібін біле бермейді, өкілге төлейтін ақшасы жоқ. «Қозғалыссыз қалдыру» институтының тиімділігі сол, талап қоюшыға судья мерзім беріп, қандай кемшліктерді жою керектігін көрсететін. Белгіленген мерзімде кемшілікті жойса, талап қою қабылданатын. Қазіргі кезде тек «талап қоюды қабылдаудан бас тарту» және «талап қоюды қайтару» институты ғана бар. «Қозғалыссыз қалдыру» институты жоқ болғандықтан, сот ұйғарымын түсінбеген адам өкілдің ақылы көмегіне жүгінуге мәжбүр болады. Сондай-ақ, талап қоюды қайтару туралы сот ұйғарымдарында көп жағдайда судья процестік заңнамаға сілтеме жасаумен шектеледі. Кемшіліктерді жою үшін нақты не істеу керектігі қарапайым тілмен түсіндірілмейді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін «алгоритм» деген жаңа бейресми институт пайда болды. Алгоритм Жоғарғы Соттың тарапынан дайындалып, жергілікті соттарға орындау үшін жолданады. Алгоритммен жұмыс істеу ешқандай заңнамада көзделмеген. 5. Судья-медиатор бойынша: Қазір барлық бірінші сатыдағы соттарда бір немесе бірнеше судья-медиатор бар. Сотқа түскен істерді медиабельді және медиабельді емес деп бөледі. (Медиабельді емес деген келісімге келтіруге болмайтын, бір тарабы мемлекеттік орган, ерекше тәртіппен қаралатын істер) Медиабельді істер бірінші судья-медиаторға беріледі. Мұндағы мақсат сотқа түскен даулардың белгілі бір бөлігін (процентін) сотқа дейін шешіп, жүктемені азайту (Бұл істердің сот өндірісіне қабылдау мерзімі он жұмыс күнін құрайды, ал басқа істер бойынша бес жұмыс күні). Судья-медиатор бірінші кезекте талап қоюды қабылдаудан бас тарту немесе қайтару туралы мәселелерді шешуге міндетті. Ал талап қою іс жүргізу заңына сәйкес болса, істі қабылдамай тұрып, тараптарды шақырып, бітімге келтіру керек. Бітімге келмесе, ол талап қою істі негізінен қарайтын судьялар арасында автоматты түрде қайта бөлінеді. «Бәлен іс бітімгершілікпен аяқталды» деп апта сайын, ай сайын, тоқсан сайын, жыл сайын жоғарыға ақпар беріледі. Бітімгершілікпен аяқталған істер проценті кем болса, «Сенің көрсеткішің неге республикалық көрсеткіштен төмен?» деп жоғарыдан ескерту түседі. Содан барып, ұсақ-түйек, онсыз да талап қоюшы арызын қайтарып алатын немесе қараусыз қалдыратын істерді де «бітімгершілік келісімді бекітуді сұраймын» дегізіп арыз жаздырып алып, бітімгершілікпен біткен істер санын қолдан көбейтіп, процентін жоғарылату жиі орын алады. Ең қызығы қайта бөлінген істі қабылдаған судья қабылдаудан бас тартса да, қайтару керек болса да істі өз өндірісіне қабылдауға міндетті. Бұл судьяның құқығын шектеу болып табылады. Менің ойымша, судьялардан медиатор тағайындау дұрыс тәжірибе емес. Себебі, Азаматтық процестік кодекстің 2-тарауында көзделген қағидатқа сәйкес келмейді. Ол тарауда сотқа дейінгі тәртіппен судьяның медиатор ретінде бітімгершілікпен айналысуы қарастырылмаған. Судьялар арасынан медиаторларды бөлу басқа судьялардың жүктемесін көбейтеді. Содан барып судьялар арасында медиатор судьяға деген бөтен көзқарас қалыптасады. (себебі медиатор судьяның ісі өзгермейді де, бұзылмайды да, ауыр істерді қарамайды да) Ал басқа судьялар өзгерген, бұзылған істері үшін тәртіптік жазаға тартылады. Бұл ұжым арасындағы психологиялық ахуалға кері әсер етеді. Медиаторлардың жасаған келісімдері де, медиатор-судьяның бітімгершілік шартын бекіту туралы ұйғарымдары да кей жағдайда сын көтермейді. Бұл жөнінде Жоғарғы Сот әлі күнге ешқандай шолу талдау жасап, тұрақты тәжірибе қалыптастырмаған. Жалпы дауды бітімгершілікпен шешетін медиаторларды штаттағы судьялардың есебінен бөлу дұрыс тәжірибе емес деп ойлаймын. Себебі, жыл санап халық саны да, сотқа келетін даудың саны да өсіп келеді. «Бидайдың баратын жері – диірмен» демекші, Үкіметтің, Парламенттің, банктердің тарапынан жіберілген олқылықтар белгілі бір уақыт өткен соң дауға айналып сотқа келеді. Онсыз да жұмыстан бас көтере алмай отырған судьяның (әсіресе мегаполистердегі судьялар) біразын медиаторлыққа алып қойса, қалған судьяның жүктемесі еселене түседі (жүктеменің көптігі істің бұзылуына алып келеді). Бұл сот актісінің сапасына әсер етеді. Соңы келіп, халықтың сотқа сеніміне селкеу түсіреді. Судьялар арасында әйелдердің ара салмағы да артып бара жатыр. Олардың біразы ауырады, босанады. Штаттағы судьялар санының кемуіне, жүктеменің көбеюіне бұл да елеулі әсер етіп, отыр. (Тұрмыс құрмаған әйелдер судья ретінде отбасы мәселесін шешкені дұрыс па?) Соттардың айлығы аз болғандықтан, білікті заңгерлер де сотқа келе бермейді. Облыстық сот төрағаларының қолындағы рычагтар да судьяның тәуелсіздігіне әсер етеді. Соттар соңғы бірнеше жылдан бері сотқа келетін дауларды, материалдарды азайту бағытында жұмыс істеп келеді. Осы орайда алимент өндіруді атқрушылық жазбамен шешу үшін нотариустарға беру керек. Ортақ баласы, мүлік туралы дау болғанына қарамастан, егер тараптар өзара келісіп тұрса, неке бұзу туралы арызды тіркеуші органның құзырына беру сот жүктемесін едәуір төмендеткен болар еді. Себебі, жалпы азаматтық даулардың жартысынан астам бөлігін осындай санаттағы істер құрайды.

Мұхтар ЕСЖАНОВ,
заң ғылымының кандидаты,
ҚР Жоғарғы Сотының экс-судьясы,
Қызылорда, Ақтөбе облыстық соттарының
экс-төрағасы,
«Қазақстан Республикасы сот жүйесінің құрметті қызметкері»

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

«Асқазаны жыртылған». Қызылордалық хирург операция кезіндегі кейстерін бөлісті

Қызылордалық дәрігер асқазаны жыртылған онкүндік сәбидің өмірін сақтап қалды. Облыстық балалар ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі Болат Махамбетияров Massaget.kz тілшісіне...