Ауыз су мәселесі Маңғыстау өңіріндегі ең өзекті жайт. Тұздылығы жоғары теңіз суын тұшытып пайдалану көлемін арттыруды көздеген өңірде талай тұрғынның таңдайына тамызық етіп отырғаны – жерасты сулары.
Өңірде су болғанымен көбі ішуге жарамсыз, тұзы көп ащы су. Тұрғындардың айтуынша ащы суды ішу мүмкін емес, сондай ақ егістік бау бақшаға пайдаланса бақша өнімдерінің өзі табиғи дәмінен айырлады екен.
Түпқараған ауданында 2007 жылдан бастап, су тапшылығы қатты біліне бастаған. 2023 жылы Маңғыстау облысы әкімдігі мен «Халық» қайырымдылық қоры Ақшұқыр ауылында қуаттылығы тәулігіне 4000 текше метр, екі ауылдағы 25 мың адамды таза сумен қамтитын су тұщыту зауытын салу бойынша меморандумға қол қойды. Қор бұл жобаға 300 млн теңге бөлген.
«Мен осы ауылда (Сайын Шапағатов ауылы ред) 2018 жылдан бері тұрамын. Мына жер теңізге жақын таза ауа болған соң халық көптеп көшіп келіп, су тапшылығы соңғы жылдарда қатты білінді. Бұрындары аптасына бір рет жіберілетін 1000 куб 2000 куб су енді, өскен халықтың есебінен мүлдем жетпейтін болды. Бағымызға орай әйтеуір «Халық» қайрымдылық қорының демеушілігімен ащы суды тұщытып тазартатын зауытттар салынды. Оның тағы бір тиімді тұсы халық жұмыспен қамтылып отыр. Сайын ауылында он мың халық тұрады. Ақшұқырда да дәл солай, таза су жетіспей жатқанда бұл ауыл халқы үшін үлкен көмек болды, қазір 24 сағат бойына ағып тұратын суды асыға күтіп жүрміз», – дейді ауыл тұрғыны әрі белсендісі Бағдат Руслан Бағдатұлы.
Иә, Маңғаз Маңғыстау халқының да қуанышты күніне аз қалды. Белгілі себептермен ашылуы кешеуілдеген таза су өңдеу зауыты биыл қалай да халық игілігіне жаратылары сөзсіз.