Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

6 C
Nur-Sultan
12.6 C
Almaty
16.1 C
Shymkent

«Фараби әлемі» халықаралық конференциясы кезекті жұмысын тәмамдады

Танымал

Ел аузында

         Жыл сайынғы дәстүрге сәйкес қара шаңырақ, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде жас ғалымдар мен студент, магистрант, докторанттар қатысқан «Фараби әлемі» халықаралық конференциясы кезекті жұмысын тәмамдады. Конференция жұмысына алыс-жақын шетел университеттері студенттерімен қатар өзіміздің білікті жоғары оқу орындарымыздың да білім алушылары қатысып, білім деңгейлерін көрсетті. Әр жоғары оқу орнының үздік білім алушылары жиналған конференцияның жұмыс тілдері: қазақ, орыс, ағылшын тілдері болып бекітілді. Заман ағымына сай, ғылым, білім, техника, технологиялардың даму қарқынына сәйкес жас ғалымдардың талқылаған тақырыптары да әр алуан болды. Жастардың дүниетанымдық көзқарастарын қалыптастыру мақсатында бұл жылы философия кафедрасы халықаралық конференцияны «Қазіргі адамзат қоғамы дамуының жаңа парадигмалары» деген тақырыппен жариялады. 

Жалпы конференцияға 40 тан аса ғылыми мақала келіп түсті. Халықаралық конференцияда жас ғалымдар түрлі тақырыптарды қарастырды. ҚазҰУ Биология және биотехнологиялар факультетінің 2-курс студенті Жанбасбаева Сымбат «Жасанды интеллект: оң мүмкіндіктер мен ықтимал тәуекелдер» тақырыбын жан-жақты зерттеп, нәтижелерімен бөлісті. Қазіргі кездегі жасанды интеллект туралы ойлардың екі жақты қарастырылып жатқандығын айта келе, жасанды интелллекттің адамзат үшін пайдасы мен зиянын жан-жақты талқылап берді. Жасанды интеллект адам ойлап тапқан озық дүниелердің бірі екендігін ескере отырып, оның қазіргі таңда адам өмірі үшін зиянсыз түрлерін ойлап табу – өмір сүру қалпымызды барынша жеңілдететіндігін дәлелдеуге тырысты.

Ғылыми жетекшісі Досжан Балабекұлымен біріге отырып таңдаған «Жасанды интеллект және адамзаттың болашағы: этикалық киборгтар және супер-интеллект» тақырыбында философия мамандығының 3-курс студенті Самедов Мадияр да осы тақырыпты ары қарай жалғастыра түсті. Мадияр өз жұмысында жасанды интеллекттің қарқынды дамуын айта келіп, этикалық киборгтарды және суперинтеллектуалды жүйелерді жасаудың этикалық салдарларын қарастырып өтті. 

Конференцияның модераторлары: философия ғылымдарының докторы Аташ Берік Мұратұлы мен философия ғылымдарының кандидаты Асқар Лесхан Әмірханұлы да түрлі сұрақтармен ғылыми пікірталас алаңын жандыра түсті. Ғылыми алаңның негізгі мақсаты – жас ғалымдарға бағыт көрсету, олардың білімжолындағы және шығармашылық қабілеттерін аша түсу, ғылыми көзқарас қалыптастыруға көмек көрсету болатын. Халықаралық конференция жалпы мақсатына жетті. 

Ғылыми талқылау алаңының қорытындысында жас ғалымдардың ішінен оза шапқандарына, философия кафедрасының оқытушы-профессорларынан құралған қазылар алқасы жүлделі орындарды тағайындады. Үздік деп танылған жас ғалымдарға жүлделі 3 орын бойынша дипломдар табысталды.

Сонымен «Фараби әлемі» – жас ғалымдарға жол көрсетуші екендігін биылғы жылы да тағы бір дәлелдеді. Адамзат қоғамының мүмкіндіктері мен тәуекелдерін зерттеуде осындай білімді жастар бар екендігін көргенде болашағымыз үшін алаңдамауға болатындығын түсінеміз. Ал Фараби әлемі – білімді болашақ үшін әрқашан жолбастаушы бола бермек!

Сембаева Гүлнар Мәлікқызы,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

ҒЫЛЫМДЫ ИГЕРУ – САПАЛЫ ӨМІР КЕПІЛІ!

ХХІ ғасыр ғылым мен технология ғасыры болады деп ХХ ғасырдың екінші жартысында ғалымдар жаза бастады. Ол уақытта көпшілік мұны...