Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша, қазақ тілі – Қазақстанның мемлекеттік тілі. Бұл – ел тәуелсіздігінің, ұлттық бірегейліктің және халық бірлігінің басты тіректерінің бірі. Мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілі қоғам өмірінің барлық саласында – білім беру, ғылым, мәдениет, саясат, экономика мен құқық салаларында толыққанды қызмет етуі тиіс.
Тіл – ұлттың ұлы игілігі, әрі оның ажырамас бөлігі. Кез келген халықтың болмыс-тіршілігі, өркениеттілігі, мәдениеті сол тілдің қолданыс ауқымдылығымен өлшенеді. Сондықтан да қазақ тілін дамыту – бұл тек тіл саясаты ғана емес, ел болашағы үшін маңызды стратегиялық қадам.
Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бері қазақ тілінің мәртебесін көтеру бағытында бірқатар заңдар мен бағдарламалар қабылданды. «Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламалары», білім беру саласында қазақ тіліне басымдық беру, іс жүргізуді қазақ тіліне көшіру сынды жұмыстар жүзеге асуда. Дегенмен, бұл бағытта атқарылар іс әлі де көп.
Тіл – елдің мәдениетін қалыптастыратын ұйытқы, ұлттық бірліктің негізі, адамның рухани және имандылық қасиеттерінің басты факторы. Тіл білу халықты, оның тарихын, тұрмысы мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін терең тануға жол ашады. Өзгелерге мемлекет ретінде танылғымыз келсе, біз ең алдымен қасиетті ана тілімізді сақтауымыз қажет. Өйткені, тілі жоғалған күні ұлттың өзі де жоғалатыны анық. Тарихта алдымен тілін жоғалтып, содан соң өздері жоғалған ұлттар қаншама. Тарихтан белгілі, қандай ел болмасын бостандық алғаннан соң ең бірінші тілдің мәселесін шешеді. Ел боламын десек, ең алдымен, тілімізді сақтауымыз қажет. «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген Ахмет Байтұрсынұлының сөзі осыған дәлел.
Қазақ тілін білу – тек қазақ ұлты үшін емес, Қазақстанның әрбір азаматы үшін азаматтық парыз. Себебі мемлекеттік тілді құрметтеу – мемлекетті құрметтеу.
Қазақ тілінің болашағы – жастардың қолында. Оны үйрену, қолдану, дамыту – бүгінгі ұрпақтың басты міндеттерінің бірі. Қазіргі таңда қазақ тілінде сапалы әдебиет, БАҚ, кино, цифрлық контент көбейіп келеді. Бұл – тілдің әлеуетін арттырып, оны заман талабына бейімдеудің бір жолы.
Мемлекеттік тіл – еліміздің азаматтарын топтастырудың мықты іргетасы болары хақ. Әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді құрметтеуге, оны үйреніп, білуге бейім болғаны абзал. Өйткені, қазақ тілі – еліміздегі халықтардың басым бөлігінің тілі. Болашақта мемлекеттік тіл ретінде оның мәртебесі біздің елімізде қоғам биігінен көрінуге тиіс.
Қорытындылай келе, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру – барша қазақстандықтың ортақ ісі. Тіл – тек қатынас құралы емес, ол – ұлттың рухы мен болмысы. Сондықтан әр азаматтың тілге деген құрметі – елге деген құрметі деп түсінген жөн.
Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы – с.м.хатшысы А. Избасарова