Татулығы жарасқан елімізде барлық ұлттың өкілдері бір үйдің баласындай тіршілік кешуде. Олар түрлі салада қызмет атқарумен қатар сол саланың дамуына өз үлестерін қосуда
Осы орайда Ішкі істер саласында қызмет ететін ұлты өзге полицейлердің де еліміздің өркендеуі жолында атқарып жатқан жұмыстары айрықша екенін атап өтуге болады.
Осындай үлгілі қызметкерлердің қатарында мемлекеттік тілді жетік меңгерген құқық қорғаушылардың бірі Түркістандық тергеуші Шухрат та бар. Шухрат Назаров ұлты – өзбек. Қазақ тілін еркін меңгерген. Ішкі істер органдарында 2013 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Алғашқы еңбек жолын Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби полиция бөлімінің тергеушісі лауазымынан бастап, бүгінде Түркістан облысы полиция департаменті Келес аудандық полиция бөлімінде аға тергеуші болып қызмет атқарады.
Полицей Шухрат қиын да жауапты тергеу саласында іс-құжаттарды қазақ тілінде жүргізіп, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге өз үлесін қосып келеді.
Ұлты басқа болғанымен, Қазақстан азаматы ретінде патриот азаматтар қатарынан табылған Шухрат Сунатуллаұлы 2013 жылы отау құрып, бүгінде екі қыз, екі ұлдың аяулы әкесі, асыл жар.
«1-мамыр Ынтымақ мерекесі айтулы мейрамдардың бірі деп білемін. Барша жұртты бауырына басқан қазақ жерінде туып өскеніміз үлкен бақыт. Еліміз татулықты ту етіп, өзге елдерге үлгі болуда. Осындай бауырмал елде тұрғанымызды мақтан тұтамын»,- дейді полицей Шухрат.
Тілді құрметтеген елдің болашағы жарқын екенін де тәртіп сақшысы назардан тыс қалдырмайды. Осы орайда тәртіп сақшысы болашақ ұл-қыздарын отансүйгіштікке тәрбиелеп, тілге деген құрметті де бойларына қатар беруге ниетті.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызмет
