20 мамыр күні Алматы қаласында Абай атындағы Қазақ ұлтты педагогикалық унивенситетінде «Астана» Халықаралық университетінің ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасында дербес деректерді қорғаудың конституциялық кепілдіктері: цифрлық қауіпсіздіктің негіздері» тақырыбындағы ғылыми семинар өтті. Іс-шара «Цифрлық трансформация жағдайында Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігінің гуманитарлық аспектілерін және қоғамның тұрақты дамуы мен топтасуын қамтамасыз етудегі «жұмсақ күш» компоненттерін кешенді зерттеу» атты бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы аясында ұйымдастырылды.
Семинар Қазақстан Республикасының 2026 жылғы жаңа Конституциясына арналды. Жаңа Негізгі заңда азаматтардың цифрлық құқықтары мен цифрлық қауіпсіздігін қорғау туралы нормалар тұңғыш рет конституциялық деңгейде бекітілгені атап өтілді. Бұл цифрлық трансформация жағдайында тұрақты құқықтық ортаны қалыптастыруға бағытталған мемлекеттің стратегиялық ұстанымын көрсетеді.

Жиынды Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры, «Астана» Халықаралық университеті ғылыми тобының мүшесі Мақсат Жақауов жүргізді. Кіріспе сөзінде ол семинардың өзектілігіне және цифрлық дәуірде азаматтардың құқықтарын қорғаудың маңыздылығына тоқталды.
Ашылу бөлімінде Қытай зерттеушілері қауымдастығы қоғамдық қорының төрағасы, PhD Қазбек Майгелдинов халықаралық тәжірибе мен өңірлік үрдістер тұрғысынан цифрлық қауіпсіздік мәселелеріне баға берді. «ID-зерттеу» директоры, PhD Дина Айкенова қоғамдағы дезинформацияға қарсы тұру және ақпараттық қатерлерге төтеп беру тетіктеріне назар аударды.
Бағдарламалық баяндамалар аясында Алматы қаласы Полиция департаменті Қоғамдық кеңесінің мүшесі Маханбет Бауыржан жастар арасында медиасауаттылықты қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жөнінде баяндады.

Саяси ғылымдарының докторы, Абай атындағы ҚазҰПУ «Саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер» кафедрасының меңгерушісі Жомарт Симтиков жаңа Конституция нормаларының ғылыми-сараптамалық қырларын талдап берді. «Жастар Рухы» Алматы қалалық филиалының төрағасы Дидарбек Ділдәбек жастар саясатын іске асырудағы цифрлық құралдардың рөліне тоқталды.
Саясаттанушы, Абай атындағы ҚазҰПУ Тарих және құқық факультетінің аға оқытушысы Талғат Жанысбай дербес деректерді қорғаудың құқықтық механизмдеріне және азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру мәселелеріне ерекше мән берді.
Семинар барысында 2026 жылғы конституциялық жаңалықтар, дербес деректерді және цифрлық технологиялардағы ақпаратты қорғау, ақпараттық қатерлерге қарсы іс-қимыл, медиасауаттылықты дамыту, сондай-ақ ішкі саясатты іске асыруда ғылым, білім, мәдениет пен медиа арқылы «жұмсақ күш» құралдарын қолдану мәселелері жан-жақты талқыланды.
Іс-шара пікірталас және сұрақ-жауап сессиясымен жалғасты. Қатысушылар жаңа конституциялық нормаларды түсіндіру, құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру және қазақстандық қоғамда цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды. Семинарға мемлекеттік органдардың өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, ғылыми қызметкерлер мен сарапшылар, идеологиялық және ақпараттық жұмыс саласындағы мамандар қатысты.
