Қазақстанда әйелдер мен жастардың цифрлық сауаттылығын арттыруға, жасанды интеллект технологияларын меңгеруге және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған IT Aiel және Aqyl Tech білім беру жобаларының қорытындысы шығарылды. Бағдарламалар аясында 33 мыңнан астам адам білім алды. Ал 2026 жылдың өзінде IT Aiel жобасының 1 533 қатысушысы жұмысқа орналасып немесе фриланс саласында қызметін бастады.
2026 жылғы 3 қазанда Астанада IT Aiel және Aqyl Tech жобаларының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Іс-шара барысында бірнеше жыл бойы жүзеге асырылып келе жатқан білім беру бағдарламаларының нәтижелері таныстырылды.
TechnoWomen үкіметтік емес ұйымы жүзеге асыратын жобалар әйелдер мен жастардың цифрлық құзыреттерін дамытуға, жаңа технологияларды меңгеруіне және еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
IT Aiel: әйелдердің цифрлық мамандықтарға қызығушылығы артып келеді
2026 жылы IT Aiel бағдарламасына қатысуға 11 162 өтінім түсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,92 есе көп. Бағдарлама аясында 5 646 әйел білім алды.
Жобаның маңызды нәтижелерінің бірі — қатысушылардың кәсіби дамуы мен жұмыспен қамтылуы. Биыл 1 533 әйел IT және технологиялық секторда жұмысқа орналасты немесе фриланс бағытында табыс таба бастады. Бұл 2025 жылғы көрсеткіштен 14,9%-ға жоғары.
Қатысушылардың басым бөлігін 36–45 жас аралығындағы әйелдер құрайды — 35,5%. Олардың 63,2%-ының жоғары білімі бар. Ал 41%-дан астамы оқуға дейін жұмыс істемеген немесе бала күтімі бойынша демалыста болған.
Бағдарламада жасанды интеллект технологияларына ерекше көңіл бөлінді. Оқу нәтижесінде қатысушылардың 65,8%-ы ЖИ құралдарын күнделікті өмірінде және кәсіби қызметінде қолдана бастаған.
Жасанды интеллект пен кәсіпкерлік — жаңа мүмкіндіктер көзі
IT Aiel бағдарламасы үш негізгі бағытты қамтиды: қаржылық сауаттылық және кәсіпкерлік, цифрлық мамандықтар мен жасанды интеллект, сондай-ақ киберқауіпсіздік.
Қатысушылар нейрожелілермен жұмыс істеуді, промпт-инжинирингті, жасанды интеллект көмегімен бейнеконтент пен дизайн жасауды, чат-боттар әзірлеуді, бизнес-процестерді автоматтандыруды және no-code, vibe coding технологиялары арқылы сайттар құруды меңгерді.
Сонымен қатар жеке деректерді қорғау, фишинг пен дипфейктерді анықтау, интернеттегі қауіпсіздік және цифрлық гигиена мәселелері оқытылды.
Бағдарлама қатысушыларының қаржылық сауаттылығы да айтарлықтай артқан. Атап айтқанда, несие құнын түсінетін әйелдердің үлесі 22,3%-дан 60%-ға, жеке бюджетін тұрақты жоспарлайтындардың үлесі 49,6%-дан 72,3%-ға өсті.
Қаржылық есеп жүргізу үшін Excel және Google Sheets құралдарын пайдаланатындардың үлесі 5%-дан 33,5%-ға жетті. Ал қаржылық жинағы бар қатысушылардың үлесі 36,8%-дан 53,4%-ға артты.
Оқу аяқталғаннан кейін қатысушылар жаңа цифрлық мамандықтарды игеріп, IT саласында білімін жалғастыруға гранттар алып, өз кәсіптерін ашып, жасанды интеллект негізіндегі өнімдер мен қызметтерді дамытуда.
Aqyl Tech: жастар жаңа технологияларды меңгеруде
Aqyl Tech жобасы жастардың, соның ішінде өңірлер мен ауылдық жерлерде тұратын азаматтардың цифрлық және қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған.
Жоба аясында 12 мыңнан астам адам білім алды. 2025 жылы қатысушылардың 93%-ын 35 жасқа дейінгі жастар құрады.
Бағдарламаға кәсіпкерлер, бағдарламашылар, оқытушылар, инженерлер, медицина қызметкерлері, дизайнерлер және басқа да мамандық иелері қатысты.
Жоба түлектері алған білімдерін іс жүзінде қолданып, өз бизнесіне арналған CRM-жүйелер әзірлеуде, технологиялық стартаптар іске қосуда, медицина мен инженерия салаларында жасанды интеллект құралдарын пайдалануда.
Жобалар Қазақстанның барлық өңірін қамтыды
IT Aiel және Aqyl Tech жобаларының географиясы еліміздің 17 облысы мен республикалық маңызы бар үш қаласын қамтиды.
2026 жылы қатысушылар саны бойынша Астана көш бастады — 1 742 адам. Алматыда 1 180, Шымкентте 317 адам тіркелген.
Өңірлер арасында Алматы облысында 289, Қарағанды облысында 273, Ақтөбе облысында 214 және Қостанай облысында 202 адам білім алды.
Білім беру бағдарламаларымен қатар өңірлік форумдар мен тәжірибе алмасу кездесулері ұйымдастырылды. Форумдарға 596 адам, ал Астана, Алматы, Шымкент, Өскемен, Орал, Қызылорда, Қостанай және Атырау қалаларында өткен «IT-шай» кездесулеріне 230 адам қатысты.
Сонымен бірге «Мүмкіндіктер маршруттары» каталогына Қазақстанның 17 қаласында ұйымдастырылған 56 іс-шара енгізілді.
TechnoWomen әйелдер мен жастардың технологиялық әлеуетін дамытуда
IT Aiel және Aqyl Tech жобаларын TechnoWomen үкіметтік емес ұйымы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ және Astana Hub қолдауымен жүзеге асырды.
Ұйым әйелдер мен жастардың технологиялық саладағы мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған бірқатар бастамаларды дамытып келеді. Олардың қатарында әйелдердің цифрлық қауіпсіздігін арттыруға арналған Cyber Safe for Women, жасөспірім қыздарға арналған TechGirls, әйелдердің инновациялық кәсіпкерлігін қолдайтын #SheInnovator және робототехника саласындағы Robotechnogirls жобалары бар.
IT Aiel және Aqyl Tech бағдарламаларының нәтижелері Қазақстанда цифрлық білім мен жаңа технологияларға сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді. Бұл бастамалар қатысушыларға жаңа білім берумен қатар, кәсіби дамуға, жұмысқа орналасуға және жеке кәсіп ашуға нақты мүмкіндіктер қалыптастыруда.