Көкшетаулық оқушыларға WhatsApp арқылы жазып немесе хабарласып, «Кальмар ойынына» қатысуға шақырып жатыр. Осыған байланысты қалалық білім бөлімі арнайы бейнеүндеу жариялады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желіде пайда болған ойын оңтүстіккореялық «Кальмар ойыны» желісі бойынша жасалған. Сериал қаржыдан қысылып, аралға ойнауға баруға келіскен кейіпкерлер өміріне негізделген. Олар тек бір адам ғана тірі қалғанша ойнайды. Сериал әлем бойынша қызығушылыққа ие болды. Оқушылар сериал сценарийін қайталауға әуес.
«Қазіргі уақытта мұндай факті Көкшетауда да байқалады. WhatsApp арқылы немесе түрлі нөмірден қоңырау шалып «Кальмар ойынына» қатысуға шақырады», – деді қалалық білім бөлімі жетекшісінің орынбасары Айнұр Мусина.
Ол балаларға ойын мен манипуляцияның айырмашылығын түсіндіруге шақырды.
«Балаларға: «Жоқ, мен мұндай ойынға қатыспаймын», «Бұл – қатыгез ойын, маған ұнамайды» деген сөздер үйретіңіз», – деді Мусина.
Осындай жағдай байқалса, 102 телефонына хабарласуға кеңес берді. Бұл мәселені қалалық полиция басқармасы бақылауға алғаны айтылып отыр.
Бұл оқиғаға байланысты ересектер екі топқа бөлінді. Бірі белгілі «Синий китке» ұқсатса, енді бірі айтарлықтай қауіп көріп отырған жоқ. Олай болса, «Игра престолов» сериалы, Counter-Strike пен Minecraft ойындары да қауіпті дегенді алға тартады.
Полиция департаменті әзірге түсініктеме берген жоқ.