Парламент мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров Қазақстан мремьер-министрінің орынбасары Роман Склярға көмір бағасына байланысты жағдайды тұрақтандыру бойынша сауал жолдады. Депутат баға шарықтауының басты себептері мен шешу жолдарын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Мәжілісмен еліміздің бірқатар өңірлерінде көмірдің жетіспеушілігіне байланысты шиеленісті жағдай қалыптасқанын еске салды.
«Жылыту маусымының басында қымбатшылық қолайсыздық тудырып отыр.Әлемдегі ең ірі көмір өндіруші елдердің алғашқы ондығына кіре тұра тапшылық салдарынан баға өсімі бар”, – деді депутат.
Оның айтуынша, бүгінде халыққа көмір сату тізбегінде онға жуық буын жұмыс істейді. Олардың ішінде – көмір разрезі, темір жол бойынша тиеу пункттері, тасымалдау, қабылдау терминалдары, тұтынушыларға жеткізетін тарату пункттері бар. Осылардың барлығы пайда көру мүмкіндігін жіберіп алмауға тырысады. Сол себептен де нәтижесінде баға екі есеге қымбаттайды.
Саировтың айтуынша, көмір өндіру нүктелері мен тасымалдаушы вагондардың тапшылығы салдарынан қажеттілікке орай сұраныс артқан.
«Көмір аудандарға дейін алты күнде емес, 16 күнде жеткізіледі. Бүгінде разрезден тоннасына шамамен 7,8 мың теңге бағамен жіберілген көмір Алматы, Ақмола, Қызылорда, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы өткізу пункттерінде 25-30 мың теңгеге сатылып жатыр! Осылайша, соңғы тұтынушы үшін көмір бағасы үш-төрт есе артады. Бұл ауыл тұрғындары үшін өте қымбат!» – деді Саиров.
Ол ауыл тұрғындарын тез арада тұрмыстық көмір қорымен қамтамасыз етуді, сондай-ақ көмір тасымалдау үшін қажетті вагон санын бөлуді талап етті. Саировтың пікірінше, көмір бағасын тұрақтандыру үшін көтерме сатып алушылар арасында барынша бәсекелестікті қамтамасыз ету қажет.
“Көмір бағасының өсуі жергілікті жерлердегі алыпсатарлардың есебінен болады. Олар көмір құнын тоннасына 25 мың теңгеге дейін шарықтатқан. Ал Нұр-Сұлтан қаласының теміржол дүңгіршектерінде баға 13 мың теңгені құрайды”- деді энергетика министрі.
Энергетика министрлігі өз кезегінде, көмірдің құны мен оны сату ережелері туралы айтты. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша көмір өндіруші кәсіпорындардың орташа бағасы, оның ішінде «Шұбаркөл Көмір» АҚ, «Қаражыра» АҚ, «Майкубен-Вест» ЖШС, «Богатырь Көмір» ЖШС тоннасына 5 600 теңгені құрайды. Сатылымдағы өнім базалық бағадан 98% – дан төмен және 102% – дан жоғары шкалада болуы қажет. Осылайша бағаны тұрақтандыруға болатынын айтты.