Бұл тақырыпты алдыңғы буын ұлтшыл ағалардың жауыр қылғаны соншалық, тіпті тіл мәселесі саясаттың жалаң ұранына айналды. Осы тақырыпты айналып өткің кеп тұратын дәрежеге жеткізді. Неге? Бірінші себебі, ғылыми негізсіз құр айғай боп шықты. Екіншіден, сол зиялылардың көпшілігінің үрім-бұтағы қазақша сөйлемейтіні белгілі болды.Тағы бір аргумент бар. Қазақ тілі соңғы қазақ өлгенше өлмейді дейді. Өлмеген тілдер әлі де көп. Бірақ, мәселе оның жарамды немесе жарамсыз болуында ғой.Енді қараңыз, тіл қолданыста қалуы мүмкін. Бірақ «түрленген», әбден бүлінген тіл қалыптастып келеді. Орысшадан тікелей аударылған қойыртпақ тіл.
Қоғамда оған қарсылықтан гөрі бейқамдық басым сияқты. Мысалы мен білетін тіл тазалығы жолындағы күрескерлер зейнеттегі журналист Қайнар Олжай, аудармашы, тіл маманы Назгүл Қожабек және жазушы Арман Әлменбет. Тәуелсіздік күні мерекесінде мемлекеттік марапат пен сыйлық осы кісілерге берілсе артық етпейді. Олар өте аз. Ал тілдің тұнығын лайлап жүргендер – мың-миллионбыз.Тілдің тазалығына кейбірі мұғалімдердің өзі селқос қарайды. Жақында үшінші сынып оқитын ұлым Абайдың өлеңін жаттады. Мен «Дүниөдөзі малдөзі ғылымға гөңіл бөлсөңүз» деп жаттатып жіберсем, ұстазы «ДүниЕ дЕ өзІ мал дА өзІ» деп айту керек деп ескерту жасапты…Үйде үндестік заңы – сингармонизмді, ілгерінді, кейінді ықпалдарды сақтап сөйлеуді талап етемін. Әрқайсымыз шамамыз бен құзіретіміз жеткен жерге дейін қимылдайық. Баламен сұхбатың сиресе, тілі бұзылатынын байқап жүрмін.
Құлаққа тыныштық керек болып, балаңыз ютубқа кіріп кетсе, қайтару қиын болады екен. Онда қисық тілдің өзіне зар боп қаламыз. Жақында «Баланың тіліне айналмай, ананың тіліне айналмайды» деген керемет сөз оқыдым. Бұдан кейін бірдеңе деудің өзі артық қой.Тәуелсіздіктің тәні – саяси-экономикалық тәуелсіздік, оған дау жоқ. Бірақ азаттықтың жаны – тіл мен мәдениет. Езіп кетті деп жазғырмаңыздар. «Асан боп туып қазақтар, Асан қайғы боп өледі» деп Жұбан ақын айтпақшы, өзімізге керек болмаса, басқаға түкке қажеті жоқ қазақ тілінің жайы ғой.30 жылдық құтты болсын!
Жарқын Түсіпбекұлы
Фейсбуктегі парақшасынан