Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

-8 C
Nur-Sultan
-5.1 C
Almaty
1.3 C
Shymkent

Рақымшылық көп адамға үміт сыйлады

Танымал

Ел аузында

Түрмесіз тірлік кешкен, қапасқа қамамай-ақ тентекті қатарға қосқан елміз дегенді жиі айтамыз. Билердің бір ауыз сөзі заңмен теңескен ол заманда қазақ үлкеннің айтқанына аспайтын еді. Бүгінде ақсақалдың қабағына қарап отырған жан аз. Қоғам болған соң түрлі заңбұзушылықтардың ғана емес, қылмыстың да орын алуы қалыпты жағдайға айналған. Құқықтық мемлекетте азаматтардың құқығы тең. Біреудің мүддесін екінші адамның таптауына жол берілмейді. Ал әр қылмыстық әрекеттің заңды жазасын белгілеу тек соттың құзырында.

Соңғы жылдары түрме реформасына өзгерістер енгізіліп, заңдарды ізгілендіру бойынша көптеген шаралар қолға алынды. Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесі де жаман емес. Түрме тұрғындары бойынша алдыңғы орындарда болып келген Қазақстанда қазір темір тордағы адам саны айтарлықтай азайған. Бұған қоса, Президенттің айтулы мерейтойлар кезінде жасаған рақымшылығы абайсызда қылмыс жасап, ақылсыз әрекеті үшін бармақ тістеп жүрген жандардың үмітін оятатын, қоғамға қайта оралуына тікелей ықпал ететін бастама. Бүгінгі күнге дейін Мемлекет басшысының мұрындық болуымен бірнеше мәрте рақымшылық жасалды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында «Рақымшылық туралы» заңға қол қойып, сотталушылар мен олардың туыстарына дем берген болатын.

Рақымшылыққа кез келген сотталушы ілінбейді. Биыл түрмеге қамалған 2 мың 236 адамның ғана рақымшылыққа ілінуден үміті бар. Сондай-ақ пробациялық бақылауда тұрған 11 310 адамға рақымшылық жасалады. Нәтижесінде 1 мың адам қамаудан бостандыққа шықса, 3818 адам пробациялық бақылаудан босатылады. 1294 сотталушы мен пробацияда тұрған 7492 адамның жаза мерзімі қысқартылады.

Рақымшылыққа ең әуелі ардагерлер, кәмелетке толмағандар, жасы үлкендер, І және ІІ топтағы мүгедектер, қоғамға қауіп төндірмейтін адамдар ілінеді. Еліміздегі 64 түрме мен 16 тергеу изоляторында отырған 34 мың сотталушының 93% ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған. Арасында қайталап қылмыс жасағандар да аз емес. Ал рақымшылық заңы бойынша бостандыққа тек ауырлығы орташа заңбұзушылық жасағандар шығады.

Рақымшылық – гуманизм қағидатының бір көрінісі. Қазақстанның Ата заңында елдің басты байлығы – адам және оның құқығы мен бостандығы деп көрсетілген. Ендеше, «Рақымшылық туралы заң» елдегі азаматтар өмірін бағалаудың, қателесіп қылмысқа барған азаматтарды түзеудің бір мүмкіндігі десек қателеспейміз.

Нұргүл Батырхан,

Алматы қаласы

Жетісу аудандық №2 сотының судьясы

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

Түркістанда «Заң және Тәртіп – қауіпсіз қоғамның кепілдігі» атты форум өткізілуде.

Мемлекет басшысы құқық қорғау және бейінді мемлекеттік органдардың алдына азаматтардың жан – жақты қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін қойды. Біздің...