Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

-10 C
Nur-Sultan
-9.1 C
Almaty
-4.7 C
Shymkent

Құрмет Талапқазы 2021 жылдың «Жыл адамы» мәртебесіне ие болды

Танымал

Ел аузында

«Менің ісім хайп үшін емес». Қазақстанның қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлеріне қол жинап, шөп жіберген Құрмет Талапқазы солай дейді. 2021 жылы еліміздің батыс өңірлері қар мен жауынның тапшылығынан қатты зиян көріп, мал басы қырылғаны баршаға мәлім. Осындай қиын-қыстау уақытта қолына шалғысын алып жалғыз өзі вагон-вагондап шөп жөнелткен ерлігі мен қайсар мұқалмас мінезі үшін Stan.kz агенттігі Құрмет Талапқазыны жыл адамы деп таныды. Бұл пікірімізді барша қазақстандықтар қолдайды деп ойлаймыз.

Қытайдан келген қандасымыз

2021 жылдың бел ортасында әлеуметтік желілерде барша халықты бірігіп, ауыр кезеңді басынан өткеріп жатқан Маңғыстау мен Қызылорда облыстарына көмектесуге шақырған өткір тілді азаматтың сөздері тез таралып кетті. Бұл көпшілігі тіпті қуаңшылық туралы естімеген уақытта үлкен жауапкершілікті мойнына алып үлгерген Құрмет Талапқазы болатын.

Осыдан кейін елім деген азаматтардың қатары көбейіп, қолдаушылары арта бастады. Осылайша Құрмет барша Қазақстан азаматтарын бір тудың астына біріктіріп, қуаңшылықпен күресуге сүбелі еңбегін қосуға сеп болды.

Құрмет Талапқазы Қытайдың Алтай өңірінде дүниеге келген. Атажұртына мектепті тәмамдаған соң қайта оралған. Үш жыл бұрын Қазақстан азаматтығын алған ол қазір Шымкент қаласында тұрады. Сол уақытта басылымдардың біріне берген сұхбатында Құрмет басында баспанасы жоқ екенін айтады.

«Менің басымда баспанам жоқ. Маған баспана керек емес. Қазақ даласы – менің жерім, менің үйім. Маған сол жетеді», – дейді ол.

Өзінің бас пайдасынан гөрі елінің қамын ойлаған азамат халқының алғысына осылай кенелді.

Ауызбіршілікті арттырған азамат

Қайырымды шараны қолға алған Құрметтің жанына көп уақыт өтпей-ақ елдің түкпір-түкпірінен азаматтар жинала бастады. Сонымен бірге әр облыстан шамасы келгенше қаражат аударғандар елі үшін етер еңбекте тасада қалғысы келмегендей.

«Әлеуметтік желіден күнде көрсетіп жатыр ғой. Сол жерден көріп, жаңағы Құрмет бауырымыздың осы Қазақстанға үндеу жолдап жатқанын көріп шыдай алмадым. Әке-шешемнен сұранып, баталарын алып, шөп шабуға кірістім», – дейді жиналғандардың бірі.

Құрмет бастаған еріктілердің Маңғыстаудағы қуаңшылықтан жұтаған елге арнап дайындаған шөбінің алғашқы легі шілде айының ортасында жеткізілді. Ол кезде 10 вагон шөпті Құрметтің өзі барып табыстаған.

Осы көріністердің барлығы сындарлы кезеңде қазақстандықтардың әрқашан да бір-біріне көмек қолын созуға дайын тұратындығының көрінісі секілді болды. Мысалы үшін, еріктілерге қарапайым ауыл тұрғындарынан бөлек, ірі кәсіпорындар да хабарласып өз көмектерін ұсынған.

Әлеуметтік желілерде Құрметтің енесі жұттан өлген құлынды құшақтап отырып айтқан сөзі барша қазақстандықты сүйсіндірген еді.

«Жылқы баласынан жамандық көрген жеріміз жоқ еді. Жануарларға жақсы қарауымыз керек. Жылқы мінезді халықпыз дейміз ғой. Мінсек – көлік, ішсек – сусын, жесек, ас болған жануарлардың көз жасын құрғата алмасақ, несіне қазақ болып жүрміз», – дейді ол жазбасында.

Құрметке көрсетілген құрмет

Ер мойнында қыл арқан шірімейді демекші, ауыр жауапкершіліктен қаймықпай, еңсеріп шыққан қандасымыз қандай құрметке болса да лайықты. Бұл сөзімізді барша халық та қолдаған. Құрметке «Құрмет» ордені берілсін дегендердің де қатары көп болды.

Жаз бойы талмай еңбек етіп, қуаңшылықпен күресте белсенді болған Құрметтің жаз айында оқудан шығып қалғаны белгілі болған. Осыдан кейін Шымкент қаласындағы М. Әуезов атындағы университет әкімшілігі Құрметті тегін оқуға қабылдағанын мәлім етті.

Елім деген азаматтың атақ үшін таласпайтыны белгілі. Құрмет те сұраған жоқ. Желтоқсанның 22-сінде ҚР ауыл шаруашылығы министрі Е. Қарашөкеев Құрмет Талапқазымен кездесіп, «Құрмет» грамотасын табыстады. 

«Құрметтің есімі мұқым қазаққа белгілі. Маңғыстауда мал қырылып жатқанда барша қазақстандықтарға үндеу тастап, игі бастаманы қолға алды. Министр Құрметтің бастамасын қолдап қоймай, оны жүзеге асыруға көмектескен болатын. Қазақта бас көтеретін, ауылдың мәселесіне бей-жай қарамайтын азаматтар көп болсын!» – деген министр.

Жаңа жылда жаңа баспана

Жақында белгілі журналист Мақсат Толықбай Құрметтің пәтер жалдап жүргенін айтып, жаңа үй алып беру үшін халықты қаржы жинауға шақырған болатын. Бұл бастаманы барша жұрт қуана қабылдап, бар болғаны 2 күннің ішінде 10 миллион теңгеден астам ақшаны жинап берді.

29 желтоқсан күні Шымкент қаласында қарапайым халық пен кәсіпкер жинаған 18 миллион теңгені Құрметке табыстады. Құрмет те өз кезегінде еңбегін елеген халқына алғысын білдірді.

«8 сотық жері бар 3 бөлмелі үй алдым. Құдай қаласа, атамыз бар, апамыз бар, ол кісілер жалдамалы үйде жүр сол кісілерді қасыма әкелу ойымда бар, алдағы уақытта үйлену ойымда бар, халқыма рахмет, ағаларыма рахмет», – деді ол қуанышын жасырмай.

Жиналған қаржыға Құрмет Талапқазы Шымкенттің шетінен үш бөлмелі үй алды. “Елге еткен еңбек еш кетпейді” деген осы.

Еске салайық, 2020 жылдың «Жыл адамы» болып Айнұр Тұрсынбаева танылған еді.

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

Будущее образования: как онлайн-курсы и другие альтернативы традиционному обучению помогают молодежи Алматы в трудоустройстве

В Алматы проживают 695,6 тыс. молодых людей. В ВУЗах и колледжах города обучаются более 279 тыс. студентов. Одной из...