Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

3 C
Nur-Sultan
11 C
Almaty
13.3 C
Shymkent

Қазақстандағы митинг: аймақтарда не болып жатыр?

Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы қазақстандықтарды бейжай қалдырмады. Жаңаөзен қаласының тұрғындарына алғашқылардың бірі болып Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе және Орал тұрғындары қолдау көрсетті.

Танымал

Ел аузында

4 қаңтарда наразылық білдірушілерге Шымкент, Қызылорда, Тараз және Қарағанды тұрғындары қосылды. Бүгін, 5 қаңтарда Өскемен, Павлодар және Семей қалаларында митинг басталды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Қарағандыда митинг бейбіт түрде өтті. 4 қаңтарда сағат 17.00-де Республика даңғылына жиналған төрт жүзден астам адам Әнұран шырқап, Маңғыстау облысының тұрғындарын қолдайтындарын айтып, басқа аймақтардағыдай азық-түлік пен жанар-жағармай бағасының жүйелі өсуіне және жалақының төмен болуына наразы екендерін білдірді.

Митингіге қатысушылармен Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын және облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов келіссөздер жүргізді. Олар тұрғындарға барлық талаптарын билікке жеткізетіндіктерін айтып уәде берді. Митинг сегіз сағаттан астам уақытқа созылды. Республика даңғылының бір бөлігін арнайы қызмет қоршап алды. Зардап шеккендер мен ұсталғандар туралы ақпарат жоқ.

Сонымен қатар, 4 қаңтарда жаңаөзендіктерді қолдауға арналған митинг Қарағанды облысының Жаңаарқа, Осакаров аудандарында және Жезқазған, Сәтбаев қалаларында өтті. Бүгін, 5 қаңтарда митинг барысында Жезқазғандағы «Қазақмыс» корпорациясының қызметкерлері жалақыларын жүз пайыз көтеру секілді бірқатар талаптарын қойып, наразылықтарын білдірді. Корпорацияның баспасөз қызметі қазіргі уақытта басшылық қызметкерлермен келіссөздер жүргізіп жатқанын хабарлады. Сондай-ақ, желіде Балқашта өткен митингтің видеосы таралып жатыр.

Қызылордада да митинг бейбіт өтті. Қала басқа қалалармен салыстырғанда тыныш. Көшелерде тек ЖӘАЖ (жедел әрекет ету арнайы жасағы) қызметкерлері мен әскери қызметкерлер жүр. Интернет пен қоғамдық көлік дұрыс жұмыс істеп тұрған жоқ. Кейбір қала тұрғындары Halyk Bank банкоматтарында кезек көп екенін айтып шағымданды. Куәгерлердің мәліметінше, банкоматтар бір адамға мың теңгеден ғана беріп жатыр.

Өскеменде таңертең облыс әкімдігі маңындағы орталық алаңда әскери техникалар мен полицейлердің көптігі тұрғындарды алаңдатты.
Қала тұрғындары облыс орталығында тәртіпсіздік болуы мүмкін деп алаңдап отырғандарын жасырмайды. Әзірге қаладағы жағдай туралы ақпарат алу мүмкін болмай тұр. Соңғы жарты сағатта орталықта халық пен арнайы қызмет өкілдерінің көбейгендігі байқалды.

Павлодарда таңертеңнен бері жағдай тыныш. Бір сағат бұрын қаланың орталық алаңына ер адамдар жинала бастады. Олар ұрандар айтып облыс әкімдігіне қарай бет алды.
Ал, қаладағы барлық сауда үйлері, дүкендер, жанар-жағармай құю бекеттері мен кәсіпорындар қалыпты жұмыс істеп тұр. Облыс әкімдігінің ғимаратында полицейлер кезекшілік етіп жатыр.

Бүгін Семейдегі жағдай да шиеленісіп тұр. Таңнан бері қалың халық орталық алаңды басып алуға әрекеттенді. Митингке шыққандар Қайым Мұхамедханов атындағы орталық көшелердің бірін басып алды. Алаң аумағы мен Билы көшесінің жүретін бөлігін қауіпсіздік күштері қоршауға алды. Көп ұзамай олар шеруге шыққандарды таратып, Мұхамедханов көшесінің бойынан өткел ашты.

Дәл осындай кептеліс «Спартак» стадионының ауданында да байқалды, ол жерге де адамдар жиналды. Алайда, арнайы қызмет ол жерге де халықтың жиналуына рұқсат бермеген. Қазіргі уақытта қала салыстырмалы түрде тыныш. Билік пен қауіпсіздік қызметкерлері жағдайға қатысты пікір білдірмеді.

Оралда наразылар облыс әкімдігінің ғимаратына басып кірмек болды. Батыс Қазақстан облысының полицейлері облыс әкімдігінің ғимаратына басып кіру әрекеті болғандығы туралы хабарлады. 5 қаңтар түнгі сағат 3-те олар шеруге шыққандарға қарсы арнайы құралдарды қолдануға мәжбүр болды.

БҚО полиция департаментінің мәліметінше, наразылық акциясы 4 қаңтар күні түстен кейін қала маңындағы Мичурино ауылында орналасқан гипермаркет маңында басталған. Одан кейін 300-ге жуық адам Орал және БҚО әкімдіктері орналасқан Абай алаңына аттанды.

«БҚО әкімі митингке шыққандармен конструктивті диалог орнатып, жағдайды реттеу үшін өз араларынан бастамашыл топ құруды ұсынды, нәтижесінде 11 адамнан тұратын бастамашыл топ құрылды. Олармен қалалық әкімдік ғимаратында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кездесу барысында акцияға қатысушылар мен бастамашыл топ киіз үйлер мен биодәретханалар қою, ыстық тамақпен қамтамасыз ету секілді бірқатар талаптар қойды. Акцияның белсенді қатысушылары саяси сипаттағы талаптарды алға тартты»,-деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

5 қаңтарға қараған түні облыс әкімдігінің ғимаратына басып кіру әрекеті жасалды. Тәртіп сақшылары дауыс зорайтқыш құрылғылар арқылы мұндай әрекеттердің заңсыз екендігі туралы ескертулерді қайталап жариялап отырды.

«5 қаңтар күні сағат 03.15-те наразылық білдірушілер арандатушылық әрекеттер жасады (әкімдік ғимаратының терезелеріне және тәртіп сақшыларына тас және басқа да заттар лақтырған). Бұзақылықты тоқтату керектігі туралы ескертулерден кейін полицейлер олардың жолын кесу шараларын қабылдады. Ең белсенді өкілдердің алкогольдік масаң күйде болғаны және өздерін агрессивті ұстағаны, арандатушылық әрекеттерімен қоғамдық тәртіпті бұзуға және жағдайды тұрақсыздандыруға әрекеттенгені атап өтілді», – деп хабарлады БҚО ДП.

Қазіргі уақытта Оралда жағдай тыныш. Мемлекеттік органдар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдап жатыр.

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

Түркістан облысының тұрғындары полицияға 180 бірліктен астам тіркелмеген қаруды өз еркімен тапсырды

Атыс қаруын қолдану арқылы жасалған қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу аясында Түркістан облысында тұрғындардан тіркелмеген қаруды сатып алу...