Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «КТК» арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Президент жарлығын білім министрлігі орындауға дайын. Сонымен қатар, Қазақстанда беделді шетелдік оқу орындарының филиалдары ашылады.
Биылдан бастап халық тығыз аймақтарда техникалық грант саны да артады. Түркістан, Атырау, Маңғыстау және Алматы облыстарының 10 мың түлегі техникалық мамандықты игеріп, техник, инженер атанады. Білім сапасын арттыру үшін ведомство алыс аймақтарға үздік педагогтерді жіберуді де ойластырып отыр. Шалғайдағы балаларға сабақ бергісі келетін мұғалімдер айлықты көбірек алады. Тіпті тұратын үйі мен коммуналдық төлемін төлеп беруге әзір.
«Гранттар Қазақстанның жетекші ЖОО-да оқу үшін бөлінетін болады. Сондай-ақ оқуын бітіргеннен кейін негізгі тұратын жерінде жұмыс өтеу көзделеді. Президенттің техникалық мамандықтарға басымдық беру туралы тапсырмасының шеңберінде осы техникалық бағыттарына бөлінетін мемлекеттік грант саны биыл 60 пайызға дейін ұлғайтылады», – дейді білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.