Олар жылына орта есеппен 2,5 трлн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіреді
Фермерлерді тұқымдармен және жеммен қамтамасыз ету, фермерлер үшін несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді азайту, қосалқы шаруашылықтарды жүргізуге микрокредиттер беру және оларды кооперацияға ынталандыру. Сенатор Әбдәлі Нұралиев еліміздің Премьер-министрі атына жолдаған депутаттық сауалында шаруалардың нақты мәселелерін шешуге бағытталған нақты шараларды атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, өткен жылы қалыптасқан жағдай ауыл шаруашылығы саласының технологиялық тұрғыдан артта қалуын байқатты. Сенатор елімізде мал азығы зоотехникалық нормалардан 2 есе аз өндірілетінін, ал қосалқы және ұсақ шаруа қожалықтары мемлекеттік қолдаудан айырылғанын атап өтті.
«Қазіргі таңда еліміздегі 1,6 мыңнан астам қосалқы шаруашылықтарда 3,5 миллионнан астам табыс деңгейі төмен азамат жұмыс істейді. Олар жылына орта есеппен 2,5 трлн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, еліміздің азық-түлік қорын толықтыруда елеулі үлестерін қосып келеді. Өкінішке қарай, қосалқы шаруашылықтар өндірген өнімдердің пайдасын ортада жүрген делдалдар көріп келеді. Ал майда қожалықтарда мемлекеттік қолдау мүлдем жоқ деп айтуға болады», – деді ол.
Осы мәселелерді шешу үшін сенатор егіс алқаптарының құрылымын әртараптандырумен және жем-шөп, жарма, бұршақ және майлы дақылдар алқаптарын кеңейтумен айналысатын шаруашылықтарды белсенді қолдауды ұсынды. Кооперацияны, оның ішінде қосалқы және ұсақ шаруашылықтарды ынталандыру да маңызды.
«Агросектор субъектілеріне бөлінетін несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді 2-3%-ға дейін төмендету, қосалқы шаруашылықтар үшін көлемі 1-2 млн теңге болатын микрокредиттер спектрін кеңейту, шаруашылық науқаны кезінде мемлекеттік қаражатты жылдам алу мүмкіндігін қарастыру, нақты алынған өнімге немесе қайта өңдеуге өткізілген көлемге байланысты субсидияларды бөлу бойынша нақты шаралар көзделуі тиіс», – деп атап өтті Әбдәлі Нұралиев.