Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

21 C
Nur-Sultan
25 C
Almaty
18.3 C
Shymkent

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Елбасы еңбегі ескерілуі тиіс

Танымал

Ел аузында

«Жаңа Қазақстанға» ұмтылған еліміз болашақтан керемет мүмкіндіктер мен халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруын, тұрғындардың тұрмыс деңгейінің көтерілуін күтуде. Отыз жылда жеткен жетістігіміз аз емес! Алдағы уақытта мемлекетіміз бұдан да керемет боларынан үмітті. Атап өтер жайт, еліміз отыз жыл бойына тұрақтылық пен бейбіт өмірдің арқасында көптеген жетістіктерге жетті. Еліміздегі айрандай ұйыған тыныштыққа қызыққан талай инвестор елімізге әкеліп қаржыларын салды. Соның арқасында еліміз көркейіп, жедел дами түсті. Ал енді бүгінгі күні келіп, өткеннің бәріне тас лақтырып, жаппай жамандау елдігімізге сын. Ең бастысы сол жетістігімізде Елбасының сіңірген еңбегі аз болмады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап әлемдік деңгейдегі, түйткілі көп мәселелерді шешуге батыл кірісе алатын сарабдал саясаткер екенін таныта білді. Атап айтсақ, Семей ядролық сынақ полигонын жабу кезінде Назарбаевтың табандылығы айтарлықтай әсер етті. Қазақстанды ядролық қаруды таратпау ісінде көшбасшы мемлекетке айналдыру мақсаты орындалды. Бұл барша қазақ халқы ұзақ жылдар бойы сарыла күткен шешім еді. Осылайша 40 жылдан астам уақыттан бері 456 ядролық сынақ өткізіліп, кем дегенде 500 мың адамды, Семей өңірін радиациясымен улап келген полигон жабылды. Барша қазақ қуанды. Кейін ядролық қауіпсіздік саласындағы барлық іргелі халықаралық шарттарға қосылып, өзінің ядролық қарусыз мәртебесін заңды түрде бекіте түсті.

Шыны керек, осы уақыттарда айналамызда талай елде дүрбелең болып жатты. Ал еліміздегі жүзден астам ұлттың бір шаңырақ астында бір атаның балаларындай тату тәтті ұйысуы, бірліктің моделіне айналған Ассамблеяның астына бірігуі де Елбасы идеясының арқасы болатын. 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын көтерген болатын. Араға үш жыл салып, нақты айтқанда, 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясын Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган мәртебесімен құру туралы Президенттің Жарлығы жарық көрді. Сол уақыттан бері Ассамблея этносаралық келісімді, қоғамдағы толеранттылықты және халық бірлігін одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасауға септігін тигізетін беделді органға айналып үлгерді. Сонымен қатар ҚХА мемлекеттік органдарға экстремизм мен радикализм көріністеріне қарсы әрекет етуге, азаматтардың демократия нормаларына негізделген саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға көмек көрсетіп келеді. Еліміздегі барлық этномәдени бірлестіктердің ортақ құрылымы болған Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлттар мен ұлыстардың алтын діңгегіне айналды. Ширек ғасыр ішінде азаматтық қоғамның іргелі институтына айналған орган бүгінде ел дамуында басымдық берілген түрлі бағыттар бойынша нәтижелі жұмыстар жүргізуде. Қазақстандық этносаралық толеранттылықтың осынау үлгісі ЕҚЫҰ мемлекеттерінің тіліне аударылып, Қазақстанның барлық елшіліктеріне таратылған. Қорыта айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев құрған этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі ел брендіне айналып отыр.

Тәуелсіздікке алғаш қол жеткізген жылдары талай ел, мемлекетіміздің ертеңіне күмәнмен қарады. Зейнетақы мен жәрдемақы кешігіп, халық айлық орнына заттай тауарлармен есептесетін кезеңнен де тез өттік. Халық есін жинап, мемлекетіміз аяққа тұрды.

Шекарамызды шегендеп, осынау ұлы қазақ даласын да сақтап қалуда көршілермен келіссөз жүргізіп, бейбіт райда бәрін ресми түрде шешті. Бүгінде еліміздің шекарасы барлық елдермен айқындалған. Бұл істерде де Тұңғыш Президентіміздің еңбегі орасан зор болатын. Тізе берсек халықаралық аренада еліміздің өз орнын тауып, мемлекетіміздің аяқтан тұру жолдары оғай болмағанын, алғашқы мемлекет басшысының мойнына талай жүк артылғанын байқаймыз. Сондықтан өткенімізге байыппен көз жүгіртіп, болашаққа ұялмай қараймыз десек барымызды бағалап, ел тұлғаларының әрбір еңбегін өз деңгейінде баға бергеніміз дұрыс.

Альчимбаева Айгүл Бақытжанқызы, п.ғ. к. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының аға оқытушысы.

Махамбетсалиев Даурен Бахтыбайұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқығы кафедрасының 1 курс магистранты

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

Тоқаев туған күнін тойлаудан тағы да бас тартты

17 мамыр - Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күні, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Президенттің кеңесшісі - баспасөз хатшысы Берік Уәлидің айтуынша, Қасым-Жомарт...