Қазіргі таңда ең алаңдататын мәселе – жол қауіпсіздігі. Жылдамдықты асыру. Жауапсыздық. Жантүршігерлік жол апаттарының басты себептері осылар. Жоғары жылдамдықпен жүруді әдетке айналдырған жауапсыз жүргізушілердің кесірінен елімізде күн сайын жол-көлік оқиғалары тіркеліп жатыр. Екі күннің бірінде күре жол үстінде талай жанның тағдыры үзіліп, талайы ауыр жарақат салдарынан мүмкіндігі шектеулі болып қалып жатыр.
Жаңақала ауданында өткен жылы 517 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Осының 48-і мас күйінде көлік жүргізгендер, қауіпсіздік белдігін тақпағандар саны – 77, жылдамдықты шамадан тыс асырғандар – 14, ал жаяу жүргіншілердің рұқсат етілмеген жерден өткендері үшін 20 әкімшілік хаттама толтырылды. Былтырғы жылы жол-көлік оқиғасы салдарынан 15 адам түрлі дене жарақаттарын алса, өкінішке орай 8 адам қаза тапқан. Жол-көлік оқиғаларының себептерін зерделейтін болсақ, біздегі көліктерде ана мен баланы отырғызатын арнайы орынның болмауы, жүргізушілердің рульге масаң күйде отыруы, жылдамдықты шамадан тыс арттыруы, автокөлік иелерінің қарсы бетке шығуы, жолға жіті назар аудармай ұялы телефонмен сөйлесуі де көлік апатына әкеп соғады. Апаттың алдын алу мақсатында бөлімнің жергілікті полиция қызметі рейдтер мен тексерістерді ұдайы түрде ұйымдастырып отыр. Қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жедел профилактикалық іс-шаралар да күн тәртібінен түскен емес. Полиция бөлімі тарапынан жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықты, көлік құралын мас күйде басқарудың жолын кесу, мемлекеттік техникалық байқаудан өтпеген және жалған диагностикалық картасын пайдалану және ережені бұзбау жөнінде түсіндіру жұмыстары үнемі жүргізіліп отыр.
Жүргізушілердің көбісі жылдамдықты шамадан тыс асырып, тыйым салынған және қауіпті аймақтарда алдында келе жатқан көлікті басып озуға тырысады. Ал мұндай желігудің соңы көбіне қайғылы апатқа, орны толмас өкінішке ұрындырып жатады. Әсіресе елдімекендерде, ауыл ішінде жылдамдықты арттыру өте қауіпті екенін жүргізушілер ұғынуы тиіс. Заң талаптары қатаңдатылып, айыппұл көлемдері, қамаққа алу мерзімдері көбейтілсе де көлік иелерінің жауапсыздығына шектеулер тыйым болмай тұр.
Статистика бойынша ең көп тіркелетін жол апаты – жаяу жүргіншілерді қағып кету. Екіншісі – көліктің аударылуы, үшіншісі – жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, соқтығысу болып отыр.
Шыны керек, биыл жол-көлік оқиғасының жиілегенін естіп те, көріп те жүрміз. Солардың ішінде тәртіпке қасақана бағынғысы келмейтіндер де табылып жатады. Бүкіл мәселені құзырлы мекемеге артып қоюға болмайды. Тәртіпті әркім өзінен бастауы тиіс. Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген нақыл сөзін есте сақтаған абзал.
«Асыққан – шайтанның ісі» деген сөз бар қазақта. Жаны бар сөз. Қарапайым ғана қағида. Жол ережесін сақтау – әрбір адамның өз өміріне деген жауапкершілігі, кепілдігі. Жолды жөндеуге болады. Алайда, «темір тұлпар» тізгіндегендердің тәртібі түзелмей, жылдамдықпен ойнаған жүргізушілердің желігі басылмай, әр жаяу жүргінші өз жауапкершілігін жете түсінбей жағдайдың оңға басуы қиын.
Е.Макишев, Жаңақала аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция майоры.