Олар жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі мекемеде өтейді.
Facebook-те ұлтаралық араздықты қоздыруға және конституциялық құрылысты өзгертуге үндейтін посттар мен пікірлер жазғаны үшін екі адам бес жылға сотталды, деп хабарлады Алматы қаласының Алмалы аудандық соты.
Сот материалдарына сәйкес, Б. және Н. есімді азаматтар телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, әлеуметтiк және ұлттық алауыздықты қоздыру, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн қорлау, сол сияқты ұлттық немесе нәсiлдiк белгiлерi бойынша артықшылығын не толыққанды еместігін насихаттау, сондай-ақ,билiктi күшпен басып алуды немесе билiктi күшпен ұстап тұруды, конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді насихаттау сияқты әрекеттерді бірнеше рет жасаған. Қылмыстық кодекстің екі бабы (174-бабы, 2-тармағы мен 179-бабының 2-тармағы) тергеу жүргізілді.Сотталғандар 2018 жылдан бастап әлеуметтік желідегі парақшаларында әлеуметтiк және ұлттық алауыздықты қоздырып, орыс ұлтының өкілдерінің ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн қорлаған. «Бұдан бөлек, орыс ұлтының адамдарына күш қолдануға үндеген. Мәселен, Б. есімді азамат Facebook-те өзін национал-патриот ретінде таныстырған. Билiктi күшпен басып алуды және конституциялық құрылысты күштеп өзгертуді насихаттап, Қазақстаннан тыс жерде жүрген қылмыскерлерді билікке әкелуді ұсынды», – делінген соттың хабарламасында. Н. есімді азамат та тура сондай жазба қалдырған. Сыбайлас жеморлықпен күресудің радикалды шараларын ұсынған.Сотта екеуі де кінәсін мойындаған жоқ. Бірақ пост жазғанын жоққа шығармады. Сараптама кезінде сотталғандардың кінәсі дәлелденді.
Жәбірленушілер де барлық айыпты растады. Прокурор әрқайсын 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Сот өтінішті қолдады. Олар жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі мекемеде өтейді. Оған қоса, Б. есімді азаматқа 3 жылға бұқаралық ақпарат құралдары мен телекоммуникация құралдары арқылы қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салынды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.