Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

8 C
Nur-Sultan
13 C
Almaty
17.3 C
Shymkent

«МАЛАЙЗИЯЛЫҚ ӨРМЕКШІ» ЖҰРТТЫ ТОРЫНА ШЫРМАУДА

Қазақ ежелден «Еңбек түбі – зейнет», «Еңбек еткен емер», «Еңбектің наны тәтті» деп адал кәсіп, шынайы нәсіпті дәріптеді. Оңай олжаның болмайтынын ұрпағының санасына құйды. Алайда, бүгінде бірін-бірі алдап, бірін-бірі сотқа сүйреп жүргендерге қарап отырып, бабалар дәріптеген осы құндылықтың бәрі көмескілене бастағанына куә боласыз.

Танымал

Ел аузында

Қоғам құқықтық, қаржылық тұрғыда сауаттанды дегенге сенгің-ақ келеді, бірақ алаяқтарға алданып, сан соғып, аһ ұрған көпке қарап отырып, тағы да үмітің шағылады.

Халық арасына іріткі салып, оңай олжаға кенелтпек болып жүрген осындай компаниялардың бірі – Qnet. Бүгінгі таңда бұлардан жапа шеккендер көп. Қаржы пирамидасы өрмекшінің торы секілді. Несие – тор, қалың жұрт – өрмекші жемтігі. Qnet қаржы пирамидасы Малайзияның игілігіне қызмет етеді.

Әуелгі әуен

Жай адамға компания немесе жай адам компанияға барып кіре кетпейді. Әдеттегі схемамен бөлісе отырайық: Жақын достарыңыз немесе жақын туыстарыңыз беймәлім кәсіп бастағанын айтып, адам нанғысыз қомақты қаржымен қызықтыра бастайды. Сенбейін десең, өзіңнің жақының, сенейін десең, қолында айғақ жоқ. Осындай психологиялық шабуылдардан кейін сізді бір күні өздерінің жұмыс орындарына шақырады. Сіз іштей көңіл үшін барғанмен өзіңіздің кезекті тұтқын екеніңізді сезбейсіз. Кеңселері әдеттегідей қалалардың элиталық ауданында, іші айнадай жарқырап, барлығы тап-таза болып көрініп, жаныңызға жайлылық табасыз. Сол жерде сіз абайсызда кәсіп басшысымен жолығып қаласыз. Ол сол жерде сіздің дұрыс жолда келе жатқаныңызды айтып, өзінің кабинетіне немесе дастарқанға шақырып, компанияға кіре қалсаңыз, ақша аспаннан жаңбырша жауады деп уәделерді үйіп төгеді. Ал бұл кәсіпке кіруші алдымен сол жердің бір өнімін сатып алуы қажет, ол өнімдердің ең арзаны 850 000 мың теңгеден басталады. Егер де ешқандай қаражатыңыз болмаса, өздерінің займ беретін қаржы орталықтарынан, өткен-кеткен деректеріңізге қарамастан, несие алып береді. Бұл – бірінші тәсіл! Екінші тәсіл – сізді ешқандай кеңсеге шақырмай-ақ, жақыныңыздың өзі әлгі жерде көлігімен қыдыртып, қымбат ресторандарға апарып, өзінің кәсібіне яғни, қол астына жұмысқа шақырады. Ал аталмыш компаниялардың әрмен қарай қалай жұмыс істейтіндігі бәрімізге белгілі. Осылайша торға түсіп қалған адамдар қалайша несиеге белшеден батқанын аңғармай, банктердің қара тізімінен бір-ақ шығады. Соңында не жұмыс, не ақша жоқ, адамдар өз несиелерімен бетпе-бет қалады.

Қырмызы Нұрымова, жәбірленуші ана: «Қаржы пирамидасы, желілік маркетингті жою керек»

– Қырмызы ханым, балаңызды қаржы пирамидасына кім, қалай кіргізді?

– Баламның көптен араласпай кеткен ескі танысы аяқ астынан пайда болып, хат жазып жағдайын сұрай бастапты. Екеуі қайта араласып, кездесіп, ол баламның армандарын сұраған. Басында ешқандай қаржы пирамидасы туралы айтпаған. Аралары тіптен жақын болған кезде барып, өзінің кәсіппен айналысып жүргенін жеткізген. Аяқ асты досы, жанашыры бола кеткен танысы ұлымды Алматыдағы кеңселеріне алып барған. Содан баламды қымбат кафелерге апарып, көлікпен қыдыртып, «Сен де осыған кірсең, біз секілді боласың», – деп сендірген. Оған кіру үшін үш кеңес береді екен. Біріншісі, ешкіммен бөліспе, екіншісі, ешкімге ойыңды айтпа, үшінші, алдымен өзің кіріп ал. Ол қаржы пирамидасындағылардың сөзіне сенген. Балам былтыр жаз мезгілінің соңында кірген. Ол кезде жасы 18-ге де толмаған. Бірақ өзінің атында не үй, не жер жоқ екенін, несие берілмейтінін, қомақты ақшаның қолында жоқ екенін айтыпты. Жаңағы танысы баламның қасында жүріп, Kaspi. kz арқылы өздерінің Атакенттегі сату нүктелерінен екі «Iphone» телефонын алып береді. Ол дүкенде өздері сатып алып, қайта сатып, ақшасын өздеріне салдыратын схема жолға қойылған екен. Несие 1 150 000 теңгеге рәсімделеді. Сонымен екі телефонды да қайтадан 870 000 теңгеге сатады. Жетпегенін «Жылдам несие» арқылы алған. Сол ақшаның бәрін жаңағы бизнесіне құяды. Олар 610 мың доллары бар карта, шетелге 90 пайыз жеңілдікпен құттықтау сертификатын береді. Ертесіне балама адам тап деген ғой. Ол қалай табарын білмейді. Сосын олар өзін қалай алдап кіргізгені сияқты түрлі айла-тәсілдер жазылған қағазды қолына ұстатады. Балам сонда ғана оның QNET екенін түсінген. Сол жағдайлар басынан өтіп жатқан кезде балам тұйықталып, көп сөйлемей, ешкімге назар аудармай кетті.

– Балаңыз оған құйған ақшасын өндіріп алды ма?
– Жоқ, себебі баламызды кішкента­йынан «қу­лық, сұмдыққа жолама» деп тәрбиелеп едік. Ол өз ісінің дұрыс емес екенін білген соң, топтан шығып кетті. Олар қаншама уақыт бойы балама хабар­ласып, кеңсеге кел, адамдар тірке деп айтып жүрді. Балам олардан мазаламауын өтініп жүріп құтылды.

– Осындай қаржы пирамидаларына алданып қалмас үшін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Ескі туыстарыңыз немесе таныс­тарыңыз кенеттен хабарласып, белгісіз кәсіп туралы айта бастаса, құлақ аспаңыздар. Олардың жұмысындағы басты фишкалары – ет жақындарын кәсіпке тарту. Қазақтың жанды жері туысқаны екенін біледі, жақынына сенеді, сатпайды деп ойлайды. Сондықтан қан­дай дүниемен айналысқыңыз келсе де, әуелі жақындарыңызбен, ата-анаңызбен кеңесіп алыңыздар. Қазіргідей дамыған заманда ғаламтордан қарап, адал кәсіп екеніне әбден көз жеткізіп алыңыздар дер едім. Осы орайда Мемлекет басшысынан жастарымыздың осылай қанаттары сынбау үшін, қаржы пирамидасы, желілік маркетинг секілді дүниелерді біздің мемлекеттен жоюын сұрар едім.

Арай Абулкасимова, психолог, психосарапшы: «Ақша ешқашан аспаннан түспейді»

Біздің өмір сүруімізге экономика, генетика, тәрбие, қоршаған орта және басқа да әртүрлі факторлар әсер етеді. Соның ішінде, адамның Qnet-ке кіруіне ішкі-ой сезімі, қоршаған ортасы тікелей әсер етеді. Айналасындағы адамдардың сөзіне сеніп, осындай қиындыққа ұшырайтындар бар. Олар қиялға, жалған сөздерге сенгіш болып келеді. Бұл психологияда «невроз», «балалық инфантилизм» деп аталады. Яғни, адам өмірге шынайы көзқараспен емес, балалық санамен қарайды. Ол, әсіресе, ақша мәселесінде анық көрінеді. Бұл кезде адамның екі жай-күйін салыстыруымызға болады. Олар – оңай олжа мен шынайы­лыққа ұмтылу. Шынайылыққа ұмтылатындар жеңіл жолды таңдамайтыны анық. Ал оңай олжаға қызығушылықты ересек адамның ішінде қалып қойған балалық аңғалдықпен байланыстырамыз. Qnet-ке алданатындардың басым көпшілігі – қаржылық қиындыққа ұшыраған және ата-анасымен, жақындарымен сырласа бермейтін жандар. Олар шындыққа тіке қарамай, қаражат тапшылығын жою үшін, оңай ақша табуды көздейді. Бәріміз білетіндей, «таяқтың екі ұшы бар», бірақ жалған сөзге сеніп қалғандар сол таяқтың тек бір ұшын көреді. Негізінде қаржылық пирамидаға кірген адамдардың табиғаты бөлек. Олар әр нәрсе жылдам әрі оңай болса дейді. Мәселен, бізге ақыл-кеңес сұрап келгенде, мәселенің бірден шешілгенін қалайды. Бірақ бала кезден қалған жаралар мен қалыптасқан көзқарасты өзгерту үшін шамамен 1, 3, 5 жылдай уақыт керек. Тіпті, кейбір адамдар өмір бойы сол көзқараста қалуы мүмкін. Менің оқырмандарға айтарым: Ақша ешқашан аспаннан түспейді. «Еңбектің наны тәтті» болатынын ұмытпайық! Жоғарыда айтқанымдай, кез келген адамның ішінде балалық позиция болады. Соның бірі – ғажайыпқа сену және оңай жолмен қаражат табу. Ал біз ересек тұлға ретінде ондай ойлардан арылуымыз керек.

Алмас Жұмағали, заң ғылымдарының кандидаты, PhD докторы: «Соңғылар тесік астаудың астында қалады»

– Қазақ елінің әр түкпірінде «анадай компаниядан алданыпты, мынадай пирамидадан ұтылыпты, бәлен деген желілік маркетингке кіріп, қаржысынан қағылыпты» деген ақпаратты жиі естиміз. 90-жылдардан бастау алған үрдіс әлі күнге дейін жалғасып келеді. Есейіп, ақыл тісіміз шықса да, алданып келеміз. «Қаржылық пирамида» деген не? Бұған дейінгі, яғни, 2014 жылға дейінгі заңдар оған анықтама берген жоқ. 2014 жылдың 3 шілдесіндегі Қылмыстық кодекстің 217-бабымен қылмыс құрамы ретінде арнайы дәйектелді. Онда былай делінген: «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету. Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру, яғни, тартылған қаражатты қабылданған мiндеттемелердi қамтамасыз ететiн кәсiпкерлiк қызметке пайдаланбай, жеке және заңды тұлғалардың ақшасын немесе өзге мүлкiн не оған құқығын қайта бөлу және бiр қатысушыларды басқалардың жарналары есебiнен байыту арқылы осы активтердi тартудан табыс алу (мүлiктiк пайда табу) жөнiндегi қызметті ұйымдастыру, сол сияқты қаржылық (инвестициялық) пирамидаға немесе оның құрылымдық бөлімшесіне басшылық еткені үшін мүлкі тәркіленіп, 1000-3000 АЕК-ке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады».
Мынадай белгілеріне назар аударыңыз. Біріншіден, тартылған ақшаны кәсіпкерлік қызметке, яғни, тауар шығаруға, сатуға, өндіріске, т.б. пайдаланбайды, айналымда тек ақша ғана жүреді. Екіншіден, бiр қатысушыларды басқалардың жарналары есебiнен байыту, яғни, кейінгі кіргендер, алдыңғы кіргендердің қалтасына үлес қосады. Үшіншіден, табыс тек салымшылардың ақшасынан келеді. Мысалы, Сіз 100 мың теңгемен кіресіз. Соңыңыздан 3 адам әкелу керек. Олар да 100 мың жарнамен тіркеледі. Сіздің 100 мыңыңыз алдыңғыларға кетті. Ал сіз әкелген адамдарыңыздың 300 мыңынан сіздің 100 мыңыңызды қайтарып береді (300-100 мың=200 мың). Қалғаны жоғары жаққа кетеді. Ол үш адам өз кезегінде 9 адам әкеледі. Олардың ақшасынан сізге 150 мың теңге түсті делік (900 000-150 000= 750 000). Қалғаны жоғары жақтағыларға кетеді. Осылай жалғасып кете береді. Осы сыртқы сұлбасына қарап оны пирамида деп атаған. Бұл шексіз емес, түптің түбінде құлайды. Түптің түбінде тесік астаудың астында қалатындар – астыңғы қатарға жазылғандар.

Ғани Еркінұлы, Балым Әлішер, Жібек Құдайбергенова, Ләззат Құмарбекқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің 3-курс студенттері

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

В Илийском районе специалисты высокого класса провели прием населения

В Илийской центральной районной больнице, по инициативе руководителя управления здравоохранения Алматинской области Алмата Тұрысбекұлы, организован прием для населения опытными...