Биылғы жылдың қаңтар айында Қазақстан аумағынан 1600-ге жуық адам кеткен деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көші-қон қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, қаңтар айында елден 1592 адам кеткен. Бұл ретте Қазақстанға 1291 адам келген. Осылайша, көші-қон сальдосы – 301 адамды құрады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, көбіне азаматтар ТМД елдері мен Қазақстан арасында көшіп-қонады. Мәселен, мигранттардың жалпы саны бойынша, ТМД елдерінен келгендердің үлесі 90%, кеткендер – 79,5%.
2021 жылдың қаңтарымен салыстырғанда республика ішінде көшіп-қонушылардың саны 25,2%-ға азайғаны белгілі болды.
Сондай-ақ, қаңтарда республика халқының табиғи өсімі өткен жылмен салыстырғанда (21,7 мың адам) 17,3 пайызға азайып, 17,9 мың адамды құрағаны хабарланды. 1000 халыққа шаққандағы табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 10,98 адамды құрады.
АХАТ органдары ұсынған ақпаратты өңдеу нәтижесінде қаңтарда Қазақстанда 31,2 мың адам дүниеге келген, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (34,2 мың адам) 8,7%-ға аз. 1000 адамға шаққандағы туудың жалпы коэффициенті – 19,10.
Қайтыс болғандар саны 13,3 мың адамды құрады, бұл өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда (12,5 мың адам) 6,3%-ға артық. Жалпы өлім көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 8,12 өлімді құрады.
Сондай-ақ, республикада 1 жасқа дейінгі 274 қайтыс болған нәресте тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда (241 нәресте) 13,7%-ға көп. Нәресте өлімінің көрсеткіші 1000 туылғанға шаққанда 8,79 жағдайды құрады.
Республика халқының жалпы саны 1 ақпандағы жағдай бойынша 19143,2 мың адамды құрады, оның ішінде қала халқы – 11389,2 мың (59,5%) адам, ауыл халқы – 7754 мың (40,5%) адам. 2021 жылғы 1 ақпанмен салыстырғанда халық саны 245,3 мың адамға немесе 1,3%-ға өсті.