Ойлы оқырманға олжа салып тағы бір шығармалар жинағы жарық дүниеге бет алды. Ол Қазақстан журналистер одағының мүшесі, ұлт жанашыры Дәметкүл Құмақбайдың «Тұмардай таққан гаухарым» атты кітабы. Қуаныштысы сол осындай қиын кезеңде бұл дүниенің оқырманға жол тартуы автордың жерлестерінің бастамасы, қаржылай қолдауымен мүмкін болды. Мұндай құрмет мың жерден бір елдің, бір жердің тумасы болса да екінің біріне көрсетіле бермейтіні анық. Дәметкүлдің шығармашылығын, осы жолдағы ізденісін қадағалап, оның өзгеше қолтаңбасын таныған қауым ғана осындай қадамға барса керек.
Дәметкүлмен сонау студенттік шақтың қиын да, қызықты кезеңін бірге өткізген курстас құрбы ретінде жерлестердің осы амалмен астасқан ниетіне қатты қуанып қалдық. Себебі расында да бәріміз еркелетіп Дәмеш деп атап кеткен бұл құрбымыз мұндай құрметке шынымен де лайық жан.
Қазақстандағы жоғары білімнің қара шаңырағы – ҚазМУ-дың журналистика факультетінде бес жыл бірге оқыған кезіміз Дәметкүлді тек жақсы қырынан танытты. Ол мақсатына берік ізденімпаз, еңбекқор студенттердің бірі болды. Қазақ және орыс тілдерін тел емгенінің арқасында әлемдік классиктерінің біразымен сусындап үлгірген құрбымыздың сол кездің өзінде оның өзіндік көзқарасы, азаматтық ұстанымы қалыптасып үлгерген еді. Адал, шыншыл, кез келген жағдайда бұра тартпай, әділдікке жақ болатын турашылдығы жас қыздың әрбір сөзі, әрекетінен көрініп тұратын. Сонысымен осы бір талдырмаш қана қыз барша курстастар арасында беделді болды. Терең білімі, ашық та еркін ойымен көбіміздің мысымызды басып та тұрушы еді. Оны ұстаздарымыз да айрықша жақсы көрді. Ұстамдылығы, досқа адалдығы тағы бар.
Отбасында алған өнегесі оның бой басының тазалығынан, тұрып жатқан бөлмесіндегі ыдыс-аяғынан да көрініп тұратын. Қолының ашық жомарттығы да үлгі еді. Аулынан сәлемдемемен келетін жеңсік тағамдар жатаханада бірге тұрған талай құрбының таңдайында кетіп, еске түссе әлі де тамсандыратыны даусыз. Өзім Дәмештің анасы қарыған нанның, қуырған бидайдың дәмін құрбыммен кездескен сайын еске аламын.
Осындай жанның еңбек жолының да өнегеге толы болуы заңдылық қой. Университетті тәмамдаған соң Қызылорда облысы, Тереңөзек аудандық «Еңбек туы» аудандық газетінде тәлімгер ретінде еңбекке арласқан Дәметкүл аз уақыттың ішінде бөлім меңгерушісі, сектор басшысы қызметтерін абыроймен атқарып, «Тіршілік тынысы» атты аудандық газеттің редакторлығына көтерілді. Басылымның қым-қуыт жұмысынан қол үзбей жүріп, талғамы биік, талабы қатал республикалық басылымдар «Халық кеңесі», «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан» газетінің тұрақты авторы болып, аймақ халқының мұң-мұқтажы, тұтас елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, ұлттық құндылықтарға қатысты өзекті мәселелерге қалам тартып, қоғам көшінің алға жылжуына шығармашылық қуатымен үн қосты. Дәметкүлдің осы қажырлы еңбегін қаламгерлердің мәртебелі ұйымы – Қазақстан журналистер одағы назардан тыс қалдырмай, оны өз қатарына тартты.
Құрбымыз көркем шығармасымен де оқырманын әрдайым қуантып келеді. Оның қаламынан шыққан әңгіме, новеллалардың әр деталы – өмір атты күрес алаңының шындығының жанды суреті, сығылған нәрі, терең де әділ философиялық түйіні. Мәселен, «Тамшыға таңылған тағдыр» атты новелласын алатын болсақ, автор «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» осы дүниесі арқылы өмірдің мәнін ұқтырады. Оны ауырлатын өзіміздің пендауи ой-түсінігіміздің, әрекетіміздің салдарын санаңа шымырылата енгізеді. Дәмештің жеке адамдар жайлы жазған эсселері де оқырман үшін өзіне сын көзімен қарап, адамдық қадыр-қасиеттің биігіне жетелейтін ішкі рухы мықты дүниелер. Дәмешті бір оқыған жанның оны іздеп жүретінінің де себебі де осы болар.
Ал, ұлт жанашыры ретіндегі атқарып жүрген қызметінің шоқтығы тіпті биік. Дәметкүл Құмақбай ел астанасы ауысқан сәтте алдыңғы көштің легінде бас шаһардан табылып, республиканың бірқатар құзырлы орындарында қызмет атқарды. Бұл жолда да құрбымыз ел мүддесіне, ұлт тағдырына деген адалдығынан танған жоқ. Мемлекеттік қызметтегі қатпарлы қиындықтарды еңсере жүріп, өзінің ұстанымын біліктілікпен халқының қажетіне жарата білді. Сондай ерен еңбегінің бірі – Туризм және спорт саласындағы барлық терминологияны төл тілімізде сөйлетуі болды. Қазақ тілінің заңдағы орны биік болғанымен, өмірдегі орны босағада тұрғаны шындық. Осындай жағдайда орысшаға бейім туризим мен спорт саласын қазақ тіліне тізе бүккізді. Бұл қадамның ұлт болашағын қамдаған ұлық іс екеніне көз жеткізе алды. Дәметкүлдің «Тіл жанашыры», «Қазақстан Республикасында денешынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төс белгілерімен марапатталуы оның осы мұқалмас ерік-жігері, табанды еңбегіне берілген әділ баға екені даусыз.
Тоқ етерін айтқанда, қай ортада болмасын білікті маман, адал әріптес, силас дос, жанашыр апа, ілтипатты сіңлі ретінде зор құрметке ие біздің Дәмеш – Дәметкүл Құмақбай осындай жан. Құрбымызға аман жүріп, ұлт жоғын түгендеуде талма дегіміз келеді.
Айша Құрманғали,
Журналист