Танымал қазақстандық продюсер Жан Мұқановтың отбасында үлкен қуаныш. Мұқановтың жетінші перзенті дүниеге келді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Жан Мұқанов Рамазан айының соңында қызды болды.
«Бүгін сағат 10:19-да осы қасиетті айда, әлемдерді Жаратушының қалауымен, қызды болдым.
Оның тегі Жан болады, ал есімін Ханзада деп атадық.
Жан Ханзада, қызым, менің ханшайымым, осынау бір керемет әлемге қош келдің», – деп жазба қалдырды продюсер желідегі парақшасында.
Сондай-ақ, Мұқанов өзі жеті перзент сыйлаған жұбайына алғыс айтуды ұмытпады.
«Менің өмірлік махаббатым, қаншырым, сый жасауды біледі. Мен және біздің балаларымыз үшін жасайтын әр әрекетіңе рахмет», – деді Мұқанов.
Қазақстандық жұлдыздар продюсерді жарыса құттықтады.
«Бауы берік болсын», – деді Мөлдір Әуелбекова.
«Ғұмырлы болсын», – деді Айнұр Тұрсынбаева.
«МашАлла, ғұмырлы қыз болсын, бұрымды қыз болсын», – деп ақжарма тілегін білдірді Төреғали Төреәлі.