Алматыда алты жаңа саябақ ашылады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Олардың басым бөлігі Алатау ауданында (Зерделі, Боралдай, Саялы, Өжет шағынаудандары), сондай-ақ Медеу (Алатау шағынауданы) және Наурызбай ауданында (Қарғалы жағалауының бойында) ашылады. Жаңа саябақтар балалар және спорт алаңдарымен, рекреациялық аймақтармен жабдықталады.
Бүгінде қалада жалпы алаңы 631,2 гектар болатын 211 саябақ орналасқан. Қазіргі уақытта сегіз нысанды, оның ішінде саябақтарды, скверлерді және т.б. абаттандыру, жөндеу және қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нысандардың бірі – ҚБТУ ғимаратының артындағы «Северный» сквері.
Байсейітова көшесі бойымен Сәтбаев көшесінен Жамбыл көшесіне дейінгі жаяу жүргіншілер аймағы спорт, балалар алаңдары, орындықтар, урналармен жабдықталады, сыртқы жарықтандыруды орнату жоспарланған және т.б. Қазіргі уақытта мердігерлік ұйымның заңбұзушылықтарына байланысты жұмыстар уақытша тоқтап тұр.
«Компания мамандары жұмыс барысында 10-ға жуық ағаштың тамыр жүйесіне зақым келтірген. Жақын арада осы учаскедегі мәселелерді талқылау үшін жұртшылықпен кездесу өткізу жоспарланды», – делінген әкімдік хабарламасында.
Қала орталығынан алыс орналасқан әрбір ауданда серуендейтін аймақтар салу жоспарланған. Мысалы, Боралдайдағы саябақ Терренкурға ұқсас болады, ал Зерделіде Орталық мәдениет саябағына ұқсас жастар саябағы салынады.