Ағымдағы жылдың 20-28 ақпан аралығында Түркістан облысы аумағында ПД Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде. Оның негізгі мақсаты-тиісті құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасында заңсыз жүрген адамдарды анықтау, сондай-ақ заңсыз көші-қон деректерінің жолын кесу.
Полицейлер елде болу ережелерін бұзған шетелдіктерді, сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартатын жұмыс берушілерді анықтау үшін базарларды, сауда нүктелерін, құрылыс объектілерін, тұрғын үйлер мен шаруа қожалықтарын және басқа да орындарды тексеруде.
Нәтижесінде полиция қызметкерлері 2 тәулікте ҚР Көші-қон заңнамасын бұзған 183 адамды анықтады. Әкімшілік жауапкершілікке тартылғандардың ішінде 113-і шетелдіктер болса, 70-і Қазақстан азаматтары. Сондай-ақ сот шешімімен 26 шетелдік елден шығарылды. 27 заң бұзушы арнайы қабылдап-тарату орнына жеткізілді.
Осылайша шетелдік жұмыс күшін тартқаны үшін Қазақстанның 20 азаматына қатысты ҚР ӘҚБтК 519-бабы
(Шетелдiк жұмыс күшiн және еңбекшi көшiп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тарту) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. ҚР ӘҚБтК 518-бабы (Шетелдiктерді және азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын жеке немесе заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) бойынша 50 құқық бұзушы жауапқа тартылды.
Оған қоса көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы
(Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) бойынша 113 шетелдік жауапқа тартылды.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі