Түркістан облысының полицейлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде, жол бойында қарсы қозғалыс жолағына шығып, өзге көліктерге кедергі келтірген «Nexia-2» көлігінің бейнежазбасын анықтады.
Аталған құқық бұзушылықты жасаған жүргізушіні табу мақсатында, тәртіп сақшылары бірден іске кірісіп, жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде оқиға Жетісай ауданында болғаны анықталды. Көлік жүргізушісі Мақтаарал ауданының тұрғыны, жас жігіт болып шықты.
Жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабы 5-бөлігі «Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу» мен 599-бабы 1-бөлігі «Бағдаршамның тыйым салатын сигналына немесе реттеушiнiң тыйым салатын қимылына қарамай өту» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Ал көлік айыптұраққа қойылды.
Осы орайда полицейлер кейбір жүгенсіз жүргізушілерге құр мақтанға салынып, жол қозғалысы ережесіне салғырт қарамауды қатаң ескертеді.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі