Өзбекстанда парламенттің төменгі палатасының депутаттары екі және одан да көп әйелмен бірге тұрған, әйелдер мен ер адамдардың тең құқығын ашық жоққа шығарған, неке заңда белгіленген тәртіппен тіркелмей діни рәсім арқылы қиылған жағдайда жауапкершілік көздейтін заң қабылдады, – деп хабарлайды podrobno.uz.
Бұл елдің конституциясының 76-бабында отбасы қоғамның негізгі бірлігі екені және қоғам, мемлекеттің қорғауында болатыны, неке Өзбекстан халқының дәстүрлі отбасылық құндылықтарына, некеге тұратындардың еркін келісімі мен теңдігіне негізделетіні айтылған.
Басылым мәліметінше, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, Өзбекстанда діни рәсімдер бойынша құрылатын неке көбейіп барады. Әртүрлі жарнамалар, ойын-сауық және аналитикалық материалдар арқылы полигамияны және оның артықшылықтарын насихаттау да қарқын алып бара жатыр. Нәтижесінде некесіз туған балалардың саны да өскен.
Республика бойынша 2022 жылы жалғызбасты аналардың өтініштері негізінде 18 955 бала тіркелген. 2021 жылы 19 037 бала тіркелген, ал 2020 жылы 16 564-ке жеткен.
АХАЖ органдарында неке қимау әке екенін белгілеуге, алимент тағайындауға, мұраға байланысты түрлі мәселелерді туғызады, нәтижесінде азаматтар, әсіресе, әйелдер өз құқығын қорғауда мемлекетке деген сенімін жоғалтады.
Депутаттар кейінгі уақытта БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы гендерлік теңсіздікті насихаттау байқалғанын айтты.
Жаңа заң жобасы Қылмыстық кодекске және әкімшілік жауапкершілік кодексіне бірқатар өзгеріс пен толықтыру енгізеді. Яғни заңда белгіленген тәртіппен некесін тіркемей, діни рәсім арқылы қиғаны үшін жауапкершілік белгілейді.
Сонымен қатар, заң жобасында екі немесе одан да көп әйелмен бірге тұруға жәрдемдесу, сондай-ақ, әйелдер мен ерлердің тең құқығын ашық жоққа шығару үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Енді заңды сенаторлар мақұлдап, содан кейін президент қол қоюы керек. Осыдан кейін ғана ол күшіне енеді.