Түркістан облысында 35 мың оқушыға орын жетпейді. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалды айтты.
«Облыста демографиялық өсім жоғары. Өңірдегі оқушы орнының тапшылығы – 35 мың орын. Бұл мәселені шешу үшін 4 бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Бюджет есебінен жобалық қуаты 8250 орын болатын 34 мектеп салуда. Биыл 20 мектепті тапсыру жоспарланған. Бүгінде 6 мектеп пайдалануға берілді», – деді Дархан Сатыбалды өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, президент бастамасымен құрылған «Білім инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы құны 9,4 млрд теңге болатын 9 мектеп салынып жатыр. Нәтижесінде 6650 оқушы жаңа мектепке бара алады.
«Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде 3 жылда 63 мектеп салынады. Жобалық қуаты – 49 мың орын. 2024 жылы 29 мектеп пайдалануға беріледі. Қалған 34 мектепті 2025 жылы тапсыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ жеке инвестиция есебінен жобалық қуаты 5000 орын болатын тағы 17 мектеп салынды.
Биыл «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 29 мектептің құрылысы басталады. Мердігерлер анықталды. Тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді облыс әкімі.
Нәтижесінде Түркістан облысында 3 жылда 100-ден аса мектеп салынады.
Сондай-ақ Дархан Сатыбалды білім ордалары күрделі жөндеуден өтетінін атап өтті.
«Қазіргі таңда облыста 121 мектепке талдау жүргізіліп жатыр. Олар
1939-2011 жылдар аралығында пайдалануға берілген. Оның 51-іне 302 млн теңге бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Осы мектептерді күрделі жөндеуге облыстық бюджет және «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы арқылы кезең-кезеңімен 2024-2025 жылдар аралығында 38,9 млрд теңге қарастырылған.
Қалған 70 мектептің жобалық-сметалық құжаттарын әзірленіп жатыр. 2024-2025 жылғы бюджетке керек қаражат енгізу жоспарланып отыр», – деді ол.