2021 жылы 1 қаңтарда Қазақстанда төрт кезеңнен тұратын жалпыға бірдей декларациялау енгізілді. Заңгер Сағидолла Баймұрат Желілегі парақшасында декларация тапсыруға қатысты ел аузында жүрген алыпқашпа әңгімелерге пікір білдірді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
«2024 жылдан бастап әр кәсіпкер және оның заңды некелескен жары өзінің активтері мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсуруға міндетті. Қазір ел аузында декларацияны жаңа жылға дейін тапсырып үлгермесең жаман болады деген неше түрлі қорқытатын әңгіме жүр. Жоқ, қорқатын ештеңе жоқ. Салық кодексінің 632-бабына сәйкес, егер қағаз түрінде тапсыратын болсаң, келер жылдың 15 шілдесінен кешікпеу керек. Ал электронды түрде тапсыратын болсаң, 15 қыркүйекке дейін тапсыру керек. Бұл жердегі ең басты нәрсе – ниет. Бір ақпарат жасырамын, табысымның толық сомасын көрсетпей қаламын деген ниетіңіз болмаса, бірнеше қате үшін ешкім сізді жауапкершілікке тартпайды. Сондықтан алғашқы 250 формадағы декларацияны толтырған кезде ашық және адал жазыңыздар», – деп түсіндірді заңгер.
Еске салайық, Қазақстанда 2021 жылдан бастап декларацияны мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары, 2023 жылдан бастап мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері тапсырады. 2024 жылдан бастап заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер, 2025 жылдан бастап барлық қалған санаттағы азаматтар декларация толтырады.