Алматыда телефон арқылы жеке деректерді біліп алып, өзге адам атынан несие рәсімдейтіндер азаймай тұр. Тіпті смартфонды қашықтан басқарып, өзге біреудің банк қосымшасына дейін кіре алатын жағдайға жеткен. Сөйтіп, электронды цифрлы қолтаңбаны да бұзып алады екен. Жыл басынан бері бір ғана Алматының өзінде 400-ге жуық азамат осындай алаяқтарға алданыпты. Ал банк өкілдері мұндай жағдайда шарасыз екендерін жеткізді. Жауапкершіліктің барлығы азаматтардың өзінде дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Әсем Лесбекке белгісіз біреу қоңырау соғып, өзін Халық банк қызметкерімін деп таныстырыпты. Әлгі азамат “алаяқтар сіздің атыңыздан атынан 1 миллион 267 мың теңге несие рәсімдеген” деп сендірген. Қай компанияда жұмыс істейтінін, куәлігінің және жеке сәйкестендіру нөмірін айтып, қосымшаға кіруді өтінген. Кейін анықталғандай, телефонға қоңырау шалған адамның өзі алаяқ болып шыққан. Өйткені қосымшаға қайта кірген кезде есепшотым бос болды дейді.
“Түсініксіз нәрселер көп. Телефонымдағы көптеген қосымшалар бұғатталып қалған. Сосын белгісіз қосымша өзімен-өзі пайда болған. Атымнан несие рәсімделген”, – дейді жәбірленуші Әсем Лесбек.
Алаяқтар хакерлік бағдарламамен жәбірленушінің телефонын басқарып отырған. Сөйтіп оның атынан екі банктен 550 мың және 1 миллион 267 мың теңгеге несие рәсімдеген. Онлайн алынған несиеге электронды цифрлы қолтаңба арқылы қол қою керектігі оларға тұсау болмаған. Алаяқтар мүлде басқа адамның қолтаңбасын пайдаланыпты. Ал банктің қауіпсіздігі халықаралық деңгейде қорғалғанын айтқан қаржы ұйымының өкілі, азаматтар жеке деректерін өздері береді дейді. Маманның сөзінше, алаяқтар арам ойларын іске асыру үшін көбіне энидеск, тимвэйвер сынды қосымшаны пайдаланады екен.
“Мобильді қосымшаны қолданған кезде ЭЦП-ны қолдану ол автоматты түрде. Яғни ол мобильді қосымшаға тіркелген кезде бірден келісімшартқа дәл солай қол қоятын болады. Яғни, алдағы уақытта бағанағы айтқанымдай қашықтан басқару қандай да қосымшаны қолданған кезде сәйкесінше оның мобильді қосымшадағы ЭЦП солайынан жұмыс істейтін болады”, – дейді Halyk bank өкілі Досбол Арыстанбеков.
Полицейлердің ақпарына сай жыл басынан бері 400-ге тарта Алматылықтың атынан алаяқтар несие рәсімдеген. Енді қаржы ұйымдары онлайн несие рәсімдеуді қатаңдатпақшы. Айта кетейік, сан соғып қалған азаматтардың мәселесі банк пен құзырлы орган жүргізген тексеруден кейін бірақ шешіледі. Оған дейін алданып қалғандар өзгенің несиесін төлеулерінен басқа амал жоқ.