Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келесі президенттік сайлауға қатысу-қатыспауы жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Сіз президенттікке тек екі мерзімге сайлана алатыныңыз жайлы айттыңыз. Бұл сіздің келесі сайлауға қатысатындығыңызды білдіре ме?» – деген сұраққа мемлекет басшысы былай деп жауап берді.
«Бұл ереже біздің Конституциямызда жазылған. Президент екі мерзімге сайлана алады және бұл талапты бұзуға болмайды. Менің наурыз айындағы Жолдауымда осы маңызды мәселе бойынша ұсыныстар айтатын шығармын. Бірақ қазір менің сайлауға қатысатыным немесе қатыспайтыным туралы айту ерте деп санаймын», – деп түсіндірді президент.
Еске салсақ, 29 қаңтарда «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияны өзгертпейтініне уәде беріп, екі мерзімнен артық президент болмайтынын айтты.