Доллар бағамының нығаюы аясында халықтың сатып алу қабілеті де төмендейді. Қазақстан құрылысшылар одағы нарық бұрын-соңды болмаған дағдарысты бастан кешіп жатқанын мәлімдеп отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме беріп.
Тұрғын үй мәселесі қазақстандықтар үшін әрдайым өзекті мәселелердің бірі болып келді. Әркім жеке пәтер сатып алуға қауқарлы емес. 2020 жылдан бастап бағалар ай сайын өсуде.
Қазақстан құрылысшылар одағы төрағасының айтуынша, пандемия кезінде құрылыс материалдары қатты қымбаттай бастады. Кейбіреулері жүз пайызға қымбаттаған. Қазіргі геосаяси жағдайда баға күн сайын өзгеріп отыр. Бұдан басқа, былтыр мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары, тиісінше, мемлекеттік тапсырыс қысқарды.
“Адамдарға тұрғын үй сатып алуға көмектесетін бағдарламалар қажет. Егер нарықта ақша болмаса, онда бұл жұмыссыздардың көбеюуіне, әлеуметтік шиеленіске әкеледі. Бүгінгі таңда нарықты ынталандыру маңызды”, – дейді «Қазақстан құрылысшылар одағы» РЗТБ президиумының төрағасы Талғат Ерғалиев.
Мәселені шешу үшін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанынан жедел штаб құрылды. Бизнесмендердің өтініштері негізінен логистикамен және тауарды порттарда жөнелтуге қатысты. Осыған байланысты шарттық міндеттемелер мен мерзімдерді бұзу қажеттілігі туындайды. Кәсіпкерлер жыл соңына дейін салық демалысын енгізуді және өткен жылғы өсімақылар мен айыппұлдарды алып тастауды сұрайды.
“Өткен жылдың соңында құрылыс материалдары қымбаттады. Үкімет деңгейінде бекітілген жеңілдетілген алгоритм жұмыс істеді. Қазір біз құрылыс компанияларына қосымша жүктеме көріп отырмыз. Әсіресе валюта бағамының өзгеруінен соң. Нысандарды салу шығындарын азайту үшін делдалдарды айналып өтіп, құрылыс материалдарын сатып алуға болатын арнайы сайт жасалды. Басты назар импортты алмастыруға аударылады”, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы «Атамекен» ҰКП директорының міндетін атқарушы Бейсен Жолболдиев.
“31 миллиард теңге сомасына 36 жобаны құру жоспарланған. Бұл жобалар керамикалық плиткалар, еден төсеніштері, жылу оқшаулағыш материалдар, сэндвич панельдерін шығарумен айналысады. Құрылысшылар қазір нарықты ынталандыру қажет дейді. Әйтпесе, отыз мыңға жуық адам жұмыссыз қалуы мүмкін”, – дейді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі басқарма басшысы Мұхамед Андаков.