Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың болжауынша осы айдан бастап тұрғын үй бағасы қалпына келеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Крыша» порталының мәліметі бойынша қазір жаңа үйдің бағасы шаршы метрі үшін 241 мың теңгеден басталып, 752 мың теңгеге дейін барады. Ал қайталама нарықта үйдің бағасы – 224-614 мың теңге. Нұр-Сұлтанда құрылыс компаниялары 230 мың сұрап отыр. Ал коммерциялық тұрғын үйдің бағасы 521 теңге болып тұр», – деді Өскенбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Министрдің айтуынша, «Нұрлы жер» ұлттық жобасы бойынша салынатын үйлердің бағасы көтеріледі. Негізгі мақсат – құрылыстың сапасын арттыру. Ал коммерциялық нарықта үйдің бағасы төмендеуі мүмкін. Себебі 1 сәуірден кейін зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану күрт азайды.
«Иә, зейнетақы қорының ақшасы тұрғын үйге деген сұранысты арттырды. Содан баға да көтеріле бастады. Биыл 9 наурыз бен 2 сәуір аралығында, шамамен 52 мың келісімшарт жасалды. Бір жыл бұрынғы көрсеткіштен жоғары. Дегенмен 1 сәуірден кейін баға қалпына келе бастайды деп ойлаймын. Себебі бұрынғыдай сұраныс болмайды», – деп атап өтті Өскенбаев.
Cондай-ақ министр тұрғын үйге деген сұраныстың көтерілуіне себеп болатын тағы бір факторды атады. Доллар бағасы құбылып тұрғанда адамдар ақшасын жылжымайтын мүлікке салуға тырысады.