Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

7 C
Nur-Sultan
16 C
Almaty
18.3 C
Shymkent

Шығыс Қазақстанда белгісіз дерттен жылқы малы қырылып жатыр

Танымал

Ел аузында

Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан ауданында белгісіз дерттен жылқы малы қырылуда. Малдың аузы мен тұмсығынан жасыл түсті жалғақ ағып, танауы мен кеңірдегі ісіп, сеспей қатып жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Белгісіз індет Зайсан ауданына қарасты Жарсу ауылында тараған. Тұрғындар наурыз айының 28-29-нан бастап дабыл қағуда. Бірақ малшылардың мәселесі жергілікті биліктің құлағына сәуір айының басында жетіпті. 

Жарсулықтардың жанайқайын аудан тұрғыны Еркебұлан Зағыппаров әлеуметтік желіде көтерді. 

“Батыста төрт түліктен індет шығып жылқы қырылды деп едік. Кеше-бүгін ШҚО Зайсан ауданы Жарсу ауылында жылқыдан белгісіз індет пайда болып жатыр деп мал иелері дабыл қағуда. Жылқының аузы мен тұмсығынан жасыл түсті жалғақ ағып, тұмсығы мен кеңірдегі ісіп сеспей қатып, өліп жатыр. Жергілікті мал дәрігерлері сынама алып кеткен. Әлі белгісіз. Мал иелері бұл жұқпалы індет болып, жаппай ауданға тарап кете ме деп уайымдайды”, – дейді Еркебұлан Зағыппаров.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр Зайсан ауданына қарасты бірнеше елді мекенде тағы да белгісіз дерттен ұсақ мал мен төлдер жаппай қырылған болатын. Сол кезде жергілікті билік «малдың иммунитеті төмен, қыстан көтерем шыққан» деп жауап айтқан. Бірақ жылдар бойы мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан азаматтар ауру малмен көтерем малды ажырата алатындықтарын жеткізіп,  жалтарма жауаппен мүлдем келіспеген. 

Аудандық ветеринария бөлімінің мәліметіне сүйенсек, індеттен бес жылқы өлген.

“Қазіргі уақытта бес бас жылқы өлді. Басқа малды қорада оңаша ұстап, емдеп жатырмыз. Дерт тоқтады. Зертхана мамандары микроскопиялық тексеру жұргізіп, қандай да бір дерттің шыққанын растамады. Пастереллез бе деп ойладық, алдағы уақытта тағы айтыла жатар”, –  дейді «Зайсан-вет» КМК басшысы Қамбар Чилибаев.

Десе де жарсулықтар өлген жылқы саны одан да көп екендігін айтуда. Тіпті қастандық болуы мүмкін деген де жорамалдар бар. Осы орайда мал дәрігерлерінің жалақы мәселесі де көтерілді. 

“Мемлекет соңғы жылдары мал дəрігерінің жұмысына көңіл аударуды қойды. Профилактикалық жұмыстарға жəне малды емдеу жұмыстарына қаржы бөлуді азайтып тастады. Сатылып алынатын дəрілерінің сапасы төмен деп мал иелерінің айтып келе жатқанына он жыл болған шығар. Мал дəрігерлерінің еңбек ақылары мүлде мардымсыз. Соның салдарынан кадр тұрақтамайды”, – дейді әлеуметтік желі қолданушысы Қабидолла Сайранов.

Зайсанда осымен екінші жыл белгісіз дерт ауылдарды дендеп алды. Шекара шебінде малмен күн көріп отырған тұрғындар үшін бұл ауыр жағдай. Осы мәселе ары-қарай да біздің бақылауымызда болады. 

Дайындаған: Таунар Қайратұлы 

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

КӨКШЕТАУДА ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ ПӘНІ МҰҒАЛІМДЕРІНІҢ ФОРУМЫ ӨТТІ

3 мамырда Көкшетауда қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің форумы өтті. Форумды Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы жәнеҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен...