Баланың анасы дәрігерлерді ұлының оң көзіне жасауы тиіс отаны сол көзіне жасады деп айыптап отыр
Алматы тұрғыны Айдын Тоқсанбаева «Балалар шұғыл медициналық орталығының» дәрігерлерін баласының көзіне шатасып ота жасады деп айыптаған болатын. Аталған жағдайға байланысты қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«05.04.2022 жылы 4 жасар науқас Т. жоспарлы түрде Балалар шұғыл медициналық орталығының офтальмология бөліміне келіп түсті. Операция бөлмесінде наркоз салынып, оң жақ қабағына тексеріс жүргізілген. Онда өздігінен түскен халязионның орны болған, хирургиялық араласуды қажет етпеді. Хаттамаға сәйкес, сол жақ қабағын тексеріп, кіші көлемдегі халязион анықталды. Жасалған анестезияны ескере келе, халязионды алып тастау туралы шешім қабылданып, ота жасалды», – делінген басқарма мәліметінде.
Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі уақытта баланың жағдайы бірқалыпты.
«Негізгі диагноз бойынша ем қабылдау офтальмология бөлімі жағдайында жалғасады», – деді.
Айта кетейік, баланың анасы дәрігерлерді ұлының оң көзіне жасауы тиіс отаны сол көзіне жасады деп айыптап отыр.