Қазір балам ауыр жағдайда реанимацияда жатыр.
Павлодар тұрғыны жедел жәрдем қызметкерлері ауруханаға барар жолда оның бір жасар баласын жарақаттап алғанын айтады. Айтуынша баланың қабырғасы сынған. Денсаулық сақтау басқармасы оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр, – деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.
Павлодарлық әйел жантүршігерлік оқиға туралы Instagram-да жазды. Әйел 6 сәуір күні сағат 21:03-те жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер келгенше нәресте бірнеше мәрте есінен танып қалған. Әйел дәрігерлердің тез жеткенін, алайда алғашқы көмек көрсетуге дайын еместіктерін айтады.
«Олар оттегісіз келген, содан кейін алғашқы көмек көрсету үшін керекті құрылғыларын алуға тағы үш рет көлікке барды. Осы кезде жоғалған уақытты айтсаңызшы. Нәтижесінде, менің бір жасар балама алғашқы көмек көрсетіп, қабырғасын сындырды, бұл бергі жағы. Ауруханаға барар жолда баланы баспен құлатты. Қазір балам ауыр жағдайда реанимацияда жатыр. Жедел жәрдем бригадасының немқұрайдылығына қатысты шаралар қабылдаңыз», – деп жазды автор.
Әйелдің туыстарының айтуынша, сол күні жедел жәрдем балаға екі рет келген.
«Алғаш рет түскі уақытта шақырылды, ол кезде баланың ұстамасы болмады. Оның ыстығы көтеріліп тұрды, әпкем оның жүрегін, өкпесін тыңдауды өтінді. Жедел жәрдем дәрігерлері өкпесі таза екенін, тіс шығып жатқандықтан мазасызданып, ыстығы көтеріліп жатқанын айтты. Қазір балада пневмония, яғни жедел жәрдем мұны білмеген, тағы бір немқұрайлылық. Егер әпкем балада пневмония екенін білгенде ауруханаға ерте баратын еді. Сондай-ақ, жолда жедел жәрдем дәрігерлері баланы темір еденге басымен құлатқан», – деді әйелдің туысы.
Айта кетейік, облыстық жедел жәрдем станциясында зардап шеккен баланың қабырғасы сынбағанын айтқан. Алайда кейінірек жарақат бар, қабырғасы сынғаны анықталған.
«Баланы қабылдаған аурухана рентгенге түсіргенде баланың қабырғасы сынбағанын, бәрі жақсы екенін айтқан. Қазір біз қабырғасы сынғанын біліп отрмыз. Бұның қалай болғанын анықтаймыз», – дедіі дәрігерлер.
Павлодар облысының Денсаулық сақтау басқармасы да сәбидің қабырғасы сынғанын растады.
«2021 жылы туылған бала қазіргі уақытта облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Диагнозы екі жақты полисегментальды пневмония. Сонымен қатар, церебральды сал ауруы, психомоторлық дамудың кешігуі, симптоматикалық эпилепсия, конвульсиялық синдром бар. Сондай-ақ, сегізінші қабырғасы сынған. Аталған факт бойынша қызметтік тергеу жүргізілуде», – деп түсіндірді ведомствода.