Бүгінде елімізде Конституцияға енгізілетін бірнеше маңызды өзгерістер талқыланып жатыр. Қоғам екіге бөлініп, бірі қолдаса, бірі күмәнмен қарауда. Дегенмен Ата Заңның кей тұстарын алмастыру – ішкі-сыртқы жағдайды бағамдауға байланысты, дейді сарапшылар. Ал ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның сарапшылық кеңесінің мүшесі Абзал Бекбосыновтың айтуынша, Конституцияға енгізілген жаңа түзетулер қоғамға тек оң әсер етеді.
«Конституциямыздың 33 бабына 56 түзету енгізіледі. Бұл туралы конституциялық реформа жөніндегі жұмыс тобы брифингте толық айтып өткен болатын. Жалпы Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен түзетулердің өзектілігі мынада. Президенттің өкілеттігі қысқарады, Парламент пен мәслихаттардың рөлі айтарлықтай күшейеді. Осылайша, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетігі нығаяды. Тағы бір өте маңызды жаңалық президенттің туыстары, жақын туыстары деген заңда түсінік бар және өзге де жоғары лауазымды тұлғалардың жақын туыстары үлкен саяси лауазымдарға иеленуге болмайды деген жаңа нормалар енгізілді. Парламент жұмысына қатысты да үлкен өзгеріс бар. Бұдан былай мәжілістің отыз процентін халық тікелей сайлайды. Ал сайлаушыларға өздері таңдаған депутаттың жұмысы ұнамаса оның мандатын қайтаруға құқылы болады. Президенттің сенаттағы квотасы 15-тен 10 ға азайды. Мәжіліс заңды дербес қабылдап президентке жолдай алады. Сондай-ақ Үкіметтің жұмысын жеделдету үшін ерекше актілерді қабылдауына мүмкіндік беріледі.
Шындығында Конституцияға өзгеріс енгізу арқылы бізді алда үлкен саяси қоғамдық, реформалар күтіп тұр. Саяси жүйені жаңғыртып, демократиялық жолға бағытталған бірқатар жаңашылдық енгізілді. Қоғамда және саясатта азаматтардың құқықтық мүмкіндігі артты. Билік пен халықты жақындастыра түсетін жаңа құқық қорғау институттары енгізіледі. Конституциядағы осы түзетулерден кейін азаматтар құқықтық жағынан жақсы қорғалады. Конституцияға адам құқығы бойынша уәкіл туралы арнайы баб енгізіледі. Алдағы уақытта әрбір адам Конституциялық сотқа өзінің конституциялық құқықтарының бұзылғаны туралы арызбен, шағыммен жүгінуге құқылы. Бұл шынайы. Дәл осы мәселелермен Конституциялық сот айналысады. Бұл – конституциялық құрылысымыздың, заңның үстемдігінің дамуы», – дейді Абзал Бекбосынов.