Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

-10 C
Nur-Sultan
-9.1 C
Almaty
1.3 C
Shymkent

Тоқаев Ұлттық банктің жылдық есебін қабылдады

Танымал

Ел аузында

Депозиттерді доллармен салу деңгейінің 36,0 пайызға дейін төмендеген.

Ақордада Мемлекет басшысының төрағалығымен Ұлттық банктің 2021 жылғы жұмысы туралы есебін тыңдауға арналған кеңес өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат поралы.

Жиынға Ұлттық банктің төрағасы Ғалымжан Пірматов, Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов, Премьер-министрдің орынбасары Ерұлан Жамаубаев, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, сондай-ақ Ұлттық банк төрағасының орынбасарлары қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы жүзеге асырылған ақша-кредит саясатының қорытындылары, инфляцияны тежеу және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету шаралары, бюджет кірісін арттыру, Ұлттық банктің алтынвалюта резерві мен Ұлттық қордағы активтердің жағдайы туралы баяндамаларды тыңдады. Бұдан бөлек Президентке депозиттерді доллармен салу деңгейінің 36,0 пайызға дейін төмендегені, мемлекеттік құнды қағаздағы нарықтық инвесторлардың үлесі 69,2 пайызға дейін көбейгені және халықтың қолма-қол ақшасыз төлем жасау операцияларының көлемі 73,1 триллион теңгеге дейін жеткені жөнінде баяндалды. 2021 жылы депозиттер 27,1 триллион теңгеге дейін, соның ішінде теңгемен салынған депозиттер 17,3 триллион теңгеге дейін өсті.

Мемлекет басшысы елімізде қабылданған шаралардың арқасында Қазақстан экономикасының өсімі 2021 жылы 4,1 пайыз болғанын атап өтті. Сонымен қатар инфляцияның өсімі бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілгеніне назар аударып, биылғы төрт айдың қорытындысы бойынша 2016 жылдың қыркүйегінен бері ең шарықтау шегіне, яғни 13,2 пайызға жеткенін айтты. Президент аталған мәселелерді шешу үшін Үкіметтің, Ұлттық банктің және басқа да мемлекеттік органдардың жұмысын күшейту маңызды екеніне тоқталды.  

Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев инфляцияны белгіленген шекті межеге қайтарудың маңызды екенін атап өтті, сондай-ақ Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, Инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі 2022-2024 жылдарға арналған кешенді шаралардың толыққанды жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Мемлекет басшысы Ұлттық қордың жұмысына арнайы тоқталып, пандемия жағдайында және экономикалық ахуал нашарлаған кезде Қор өз міндетін толық орындағанын атап өтті. Президент Ұлттық қордың қаржысын тиімді пайдалану қажеттігіне мән берді.

– Ұлттық қордан жасалған трансферттер 2020 жылы 4,8 триллион теңгені, ал 2021 жылы 4,5 триллион теңгені құрады. Биыл Үкімет тағы да 4,6 триллион теңге сұратып отыр. Бұл – өте қомақты қаржы. Республикалық бюджет Ұлттық қордың қаражатын пайдалануға сүйенбеуі керек. Трансферттерді біртіндеп азайту қажет, – деді Президент.

Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаевқа акциялар нарығының өсуіне орай теңгерімді аллокацияға көшу жөнінде баяндалды. Бұл соңғы 3 жыл ішінде Қордың кірісін 10,75 миллиард долларға жеткізуге мүмкіндік берді.

Мемлекет басшысы Үкіметке ірі жобаларды нарықтық механизмдер, мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктер, қарыз қаражаттары, республикалық бюджет қаржысын қайта бөлу есебінен жүзеге асыру мүмкіндіктерін пысықтауды тапсырды. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтуге, соның ішінде «Достық-Мойынты» теміржол учаскесі мен басқа да бірқатар мемлекетаралық теміржол дәлізін жаңғыртуға назар аударды.

Сонымен қатар жиында Ұлттық қордың инвестициялық кірісін арттыру, активтерді тиімді басқару, алтынвалюта резервтерінің өтімділігі мен сақталуын қамтамасыз ету мәселелері қарастырылды.

Кеңес барысында  Президент төлем теңгерімінің тапшылығына қатысты мәселені көтерді және оны біртіндеп азайту қажет екенін атап өтті.

Ұлттық банктің өкілдері ұлттық төлем жүйесін дамыту жұмыстарының нәтижелері туралы да айтты. 2021 жылы Ұлттық төлем жүйесінің Төлем карталарының банкаралық жүйесі мен Жедел төлем жүйесі сияқты компоненттері пилоттық режимде іске қосылған. Сондай-ақ цифрлық теңге платформасының прототипін әзірлеу жұмыстары аяқталған.

Президент жиынды қорытындылай келе, Ұлттық банктің жылдық есебін мақұлдады.

– Әлемдегі қазіргідей күрделі кезеңде еліміздің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету өте маңызды. Ұлттық банк Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, ақша-несие саясатының тиімділігін арттыруға баса мән беруі қажет және қаржы секторының әлеуетін мақсатты түрде күшейтуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

«Аманат» әуе дуэті IV Халықаралық балалар мен жастар цирк фестивалінде Алтын жүлдеге ие болды

Қазақ мемлекеттік циркінің әртістері, Дәулет Досбатыровтың жетекшілігіндегі «Аманат» әуе дуэті Данат пен Данали Досбатыровтар 6-8 желтоқсанда Тула мемлекеттік циркінде...