3 маусым күні Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиіп, қаза тапқан Айкөркем Мелдеханның муралы пайда болды. Суретті кімнің салғаны белгісіз, сонымен қоса қабырғада Айкөркемнің әкесінің қызына арнап шығарған «Қай аға маған оқ атқан?» өлеңінің сөзі жазылған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Муралдың суреті алғаш Rukh2k19 Instagram парақшасында жарияланды.
Еске салайық, төрт жасар Айкөркем отбасымен бірге азық-түлік алуға бара жатқан кезде оққа ұшқан. Ал Айкөркемнің 16 жастағы әпкесі жараланған. Көлікке нақты кімнің оқ атқаны әлі күнге дейін анықталған жоқ.
Мурал салынған қабырғада Айкөркемнің әкесі Айдос Меделханның қызына арнап шығарған өлеңінің «Қай аға маған оқ атқан?» деген сөзі жазылған. Өлеңде қызының атынан сөйлеген әкесі мұны кім және не үшін бұлай жасағанын сұрайды. Қабырғадағы сурет пен өлеңнің үзіндісі Rukh2k19 парақшасында жарияланды.
«Еркесі едім үйдегі,
Деуші еді бәрі ботақан.
Қуанушы еді үлкендер,
Берді деп сені жаратқан.
Алаңсыз келе жатқанда,
Қай аға маған оқ атқан?
Атыпсың дәлдеп мылтықты,
Алды-артыңа қарамай.
Осынша неге өшіктің
Кіп-кішкентай балаға-ай?
Не кінәм менің бар еді
Өлтірдің неге, ағатай?!»
Сонымен қатар парақшада мурал авторларының қазақстандықтарға айтқан үндеуі жазылған. Онда авторлар халықты қаңтар оқиғасын әділ тергеу туралы талапқа қосылуын сұрайды.
«Біз әділдікті талап етеміз. Бізге қосылып, сіз де әділдікті талап етіңіз. Өзімізді өзіміз қорғамасақ, басқа ешкім келіп, қорғамайды. Қаңтардағы дүрбелеңде Алматыда 12 жасар Сұлтан мен 4 жасар Айкөркем қаза тапты. Айкөркемнің әкесі Айдос қызының қазасына өлең арнады, ол сол күндері мылтық ұстаған әскерилерге арналған», – деп келтіреді парақша авторлардың сөзін.