«Стелс-омикрон» штамы Қазақстанның 12 өңірінде анықталды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сәуір-мамыр айларында жүргізілген ПТР скринингінің нәтижелері бойынша, коронавирус инфекциясының әртүрлі штамдарының айналымы анықталды. Барлық өңірлерде BA.1 «омикрон» штамы – 98,6 пайыз, оның ішінде 12 өңірде BA.2 «Стелс-омикрон» – 36,7 пайыз, B.1.617-Delta – 1,4 пайыз анықталды.
«ПТР скринингінің нәтижелерін растау үшін толық геномды секвенирлеу жүргізілді. Жүргізілген толық геномды секвенирлеу нәтижесі бойынша BA.2 «Стелс-омикрон» штамының – 93,8 пайыз (Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Қостанай, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары, Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары), BA.1 «Омикрон» штамының – 6,2 пайыз (Атырау, Қызылорда, Қарағанды облыстары, Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары) айналымы анықталды», – делінген хабарламада.
Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуына қарамастан, министрлік коронавирус инфекциясына қарсы уақтылы вакцинациядан, ревакцинациядан өтуге кеңес береді.