Соңғы жылдары сот жүйесінде мемлекеттік тілде арыз жазатындардың қатары артып келеді. Демек сот отырыстары да қазақ тілінде өту деңгейі арта түсуде деуге болады. Сот ісін жүргізу тілі туралы заңнаманың талаптарын сақтамау процестік заңды елеулі түрде бұзу болып табылады және шығарылған сот актілерінің күшін жоюға әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан сот ісін жүргізу тіліне көп нәрсе байланысты.
Сот ісінің мемлекеттік тіл принципінің мәні оның басқа демократиялық негізі – соттың жариялылығын іс жүзінде қамтамасыз етілуінің қажетті шарты болып табылуында. Қазіргі кезеңде ұлттық тіл принціпінің орындалуы сот ісіндегі ерекше өзекті мәселеге айналуда. Аталған принціпінің іске асырылуын реттейтін қүқық нормаларын қатаң сақтау, сот ісі жүргізілетін тілді меңгермейтін іске қатысушы тұлғаларға сыпайылықпен қарау, наразылықтардың алдын алып, келіспеушілік орын алған жағдайларды өршітуші себептердің жойылуына ықпал етуі мүмкін.
Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарына сәйкес сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою арызы берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленетінін жоғарыда атап өттік. Демек қазақ тілінің қолданыс аясының кеңейіп, халық тарапынан көп қолданылуы сот жүйесінде де өзіндік мәнге ие.
Сәйкесінше сот істі сот талқылауына дайындау сатысында талап қоюшының талап арыз (арыз) берілген тілді жеткілікті дәрежеде білетіндігін, сот ісін жүргізудің мәні мен мағынасын түсінетіндігін анықтайды.
Сот талап қоюшыдан тиісті жазбаша өтінішхат түскен жағдайда сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді ұйғарым шығарады. Тараптардың тең құқықтылығы қағидатын ескере отырып, сот осы мәселе бойынша жауапкердің де пікірін анықтауға міндетті. Сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою арызы (арыз) берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді. Сол бір азаматтық іс бойынша іс жүргізу бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады.
Іс жүргізіліп отырған тілді білмейтін немесе жеткілікті түрде білмейтін іске қатысатын адамдарға сотта ана тілінде немесе өздері білетін басқа да тілде мәлімдеме жасау, түсініктер мен айғақтар беру, өтінішхаттар беру, шағымдар жасау, сот актілеріне дау айту, іс материалдарымен танысу, сөз сөйлеу; осы Кодексте белгіленген тәртіппен аудармашының қызметтерін тегін пайдалану құқығы түсіндіріледі және қамтамасыз етіледі. Осы орайда атап өтер жайт, сот отырысында мемлекеттік тілдің қолданылуы ең алдымен сотқа арыз түсірген азаматтардың қалауына сай орындалатынын ескере отырып, халықтың мемлекеттік тілге деген бетбұрысын анық байқауға болады.
А. Т. Байдаулетова, Алматы қаласы Медеу ауданының №2 аудандық сотының судьясы