Жетісу өңіріне меценат Молдияр Қылшықұлының есімі жақсы таныс. Талай жылдан бері ораза айы қарсаңында тұрмысы төмен отбасыларға тегін газ қосып беріп, өз қаржысымен балабақшалар салып, әйтеуір көмек сұрағанның бетін қайтармай қолынан келгенше айналасына мейірімін төгіп жүретін Атымтай жомарт азамат. Кеше ғана Молдияр Нұрбаев тағы бір жақсы істің ұйытқысына айналды. Атап өтсек, Жетісу облысы Ақсу ауданында осы өңірдің қос бірдей тұлғасының 100 жылдықтарына орай ескерткіштің ашылу рәсімі өтті.
Кеңес Одағының батыры Есмұрат Сиқымов пен академик Жүрімбек Сыдықовтың құрметіне ашылған ескерткіштің ашылуының соңы, қос тұлғаның еліне сіңірген еңбегін айғақтай түсетін конференцияға ұласып, бәйге беріліп, ұлан асыр тойға ұласты. Алматы облысынан енді ғана бөлініп шыққан Жетісу облысында өткен бұл алғашқы той екен. Сондықтан халық «қос тұлғаның тойының соңы тойға ұлассын» деп ырымдап жатты.
Мецанттың өзі «Бұл ауданда бірінші рет емес, бұрын мына жерде тұрған Ілияс Жансүгіровтың ескерткішін де орнатып бердім. Осындағы жастар ертең айтып жүрсін, біліп жүрсін, патриот болсын деп жасадық. Егер ескерткіш болмаса бәрі де ұмыт болады. Ескерткіш тұрған соң қасынан өткен адамдар, оқушылар оны біледі, таниды. Бізде сол сияқты батыр болсақ дейді. Батырларға, ғалымдарға қарап бізде солардай болсақ екен деп өстік. Өзіміз ғалым, батыр болмасақта бизнесте жүрген соң осыны жасадық. Бұның бәрі ұлт, ұрпақ үшін. Өзімнің туып өскен жерімге, еліме үнемі қол ұшын беріп, көмегімді аямауға тырысам. Туған жерге туыңды тік деген. Әрбір азамат еліне, халқына көмектесу керек деп санаймын. Отбасымызбен ақылдаса келіп, іс-шараға қажетті қаржыны шығарып, Ақсуда осындай үлкен істі ұйымдастырдық. Қолдау көрсеткен Ақсу ауданының әкіміне, әкімдікке алғыс айтам. Мұсеке сынды қол ұшын созған азаматтарға да рақмет. Еліміз аман болсын, Президент, үкіметтің жасап жатқан жоспарлары іске асса еліміз әліде дамып, көркейеді», – дейді ұлт жанашыры, Алматы облысының құрметті азаматы Молдияр Нұрбаев.
Осы орайда келешек ұрпақ еліктеп өссін деп отырған тұлғалар кімдер екенін тоқтала өтсек. Кеңес одағының батыры Есмұрат Сиқымов фашистерге қарсы аянбай соғысқан азаматтың бірі. Майданға дейін Қапалы кентіндегі учелищеде білім алса, екінші дүниежүзілік соғыста кіші сержант өзінің ерлігімен көзге түскен. 1943 жылы 360-атқыштар полкінің қатарында Посудово деревнясын жаудан азат етеді. Пулеметшілер тобының командирі Сыйқымов шабуылдаушылардың алдыңғы қатарында болды. Олар деревняға басып кіріп, жаудың пулеметшілер тобын жойған. Шабуылдаушы жауынгерлерді жау әскері оқпен жусатып салғанда, жалғыз қалған Сыйқымов жаудың автоматшылар взводымен екі сағаттан артық шайқасыпты. Батальон шабуылға шығып, деревня азат етілді. 60-тан аса жау әскерін жойған небәрі 21 жастағы Сыйқымов осы ұрыста өзі де қаза табады. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Сыйқымовқа Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, туған жері Ақсуда көше атауы берілген. Енді міне батырдың ескерткіші де орнатылды.
Екінші ескерткіш ғалым, ҚР ҰҒА академигі Жүрімбек Сыдықовтың құрметіне қойылды. Ақсулықтар үшін ғана емес, күллі қазақ жұрты үшін Сыдықовтың сіңірген еңбегі зор. Геология-минералогия ғылымының докторы көп жылдар бойы Орталық, Батыс, Оңтүстік аймақтарында жер асты суларын іздеп, барлау жұмыстарымен айналысты. Көп мөлшерлі жер асты тұщы және минералды су қорларын тиімді пайдалану жолдарын зерттеумен айналысты. Арал және Каспий теңіздері алаптарындағы жер асты ағынының шаруашылықты игеруге байланысты өзгеруін болжау теориясы мен әдістерін негіздеді. Ғалымның туысы Ақмарал Сарқытбайқызы «Сыдықов Ақсу ауданынан шыққан алғашқы академик. Аудандағы бүгінгі білімді жастар осы адамның ізбасарлары деп білемін. Әкімдік пен Молдияр Қылшықұлы бірлесіп мынандай үлкен іс-шара өткізіп жатыр. Атамызға әдемі ескерткіш тұрғызып берді. Мен осы іске көмегін аямаған азаматтарға алғысым шексіз», – дейді.
Ескерткіштің ашылуынан соң іс-шара ғылыми конференцияға жалғасты. Алматыдан арнайы барған ғалымдар баяндама жасап, қос тұлғаның еңбегіне тоқталды. Ал кәсіпкердің тікелей қаржылық қолдауымен Анкарадан арнайы келген алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбай жұртқа жағымды жаңалығымен баяндама жасап, елді тың ақпараттармен құлақтандырды.
«Есмұрат Сиқымовтың өмір тарихымен жақсы таныспын. Мен бұл адамның қайтыс болған жері Беларусь еліне де барып келдім. Оның жатқан жері Украйна мен Беларустың дәл шекарасындағы Посудово деген ауылда. Сиқымов төрт рет ірі соғыс майданына кірген. Екі рет жарақат алған. Қазақстанның Беларустағы елшілігінде батырға арнап үлкен белгі тақта қойылған. «Осы ауылды қорғап қалған үш адам, соның бірі осы Сиқымов» деп есімі алтын әріппен жазылған. Осындай өзгеде ақпараттарды конференцияда барысында жерлестеріне жеткіздік. Залда халық толып отырды, ине шаншар орын болмады», – деді алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбай.
Ресми шараладың соңы ұлттық спорт түрлерімен жалғасын тапты. Қазақ күресінен бос кілемге шыққан балуандар бас жүлде үшін күш сынасты.
Шараның басты демеушісі, кәсіпкер Молдияр Қылшықұлы «Ескерткіштің ашылуына қол ұшын созған жігіттерге, мүсіншілерге, күреске бәйгесін тіккен азаматтарға да алғыс айтам. Берікболға, Сабырға, Мұсекеге көп-көп рақмет. Ел үшін жасаған шараға ат салысқан, үлкен үлес қосқан азаматтарға ризашылығымды білдіремін. Ақсу өңірінде бұндай шара көптен бері болмаған еді. Елім аман болсын», – дейді.