Білім саласының сарапшыларымен кездескен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек онлайн оқытудың зардаптары туралы баяндады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Соңғы 2 жылда біз ең құнды дүниемізді жоғалттық. Дәлірек айтсақ, пандемия салдарынан білім сапасы құлдырады. Осы уақыт аралығында болған онлайн оқудың зардабы ондаған жылдарға созылуы мүмкін. Бұл өз кезегінде қылмыстардың көбеюіне, сауаттылық және табыс деңгейінің төмендеуіне әкеліп соғады. Сонымен қатар жоғары оқу орындарында оқитын студенттер қатары қысқарды», – деді министр.
Cондай-ақ министр енді жоғары оқу орындары мен кәсіптік білім беретін ұйымдарға жаңа оқу бағдарламасын болжамсыз жасауға тыйым салынатынын айтты. Олар еңбек нарығындағы маман тапшылығы мәселесін ескеруі тиіс.
«Мен соңғы 3-4 жылда «Жаңа мамандықтар атласы» деген жобамен айналыстым. Ол қазір халықтың кірісін көтеру бағдарламасына енгізілді. Осыған сай, әр өңір өзінің аймағына алдағы 5-10 жылда қажет болатын мамандықтардың атласын жасайды. Жоспар дайын болғаннан кейін, тапшы мамандықтарға көбірек оқыту басталады. Яғни, еліміздегі жоғары оқу орындары мен кәсіптік білім беру ұйымдары басымдықты мамандықтар атласында көрсетілген салаларға береді. Енді жоғары оқу орындары жаңа оқу бағдарламасын болжамсыз жасай алмайды. Оған тыйым салынады. Қазір оның механизімін қарастырып жатырмыз. Оның нәтижесінде жоғары және кәсіптік білім беретін ұйымдар еңбек нарығындағы тапшылықты ескереді», – деп атап өтті Саясат Нұрбек.